Президент халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығымен құттықтады

20 Қазан 2022, 11:01 3044

Таразда өтіп жатқан мерейтойлық іс-шараға арнайы құттықтау хат жолдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет және қоғам қайраткері, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай Таразда өтіп жатқан мерейтойлық іс-шараға арнайы құттықтау хат жолдады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі айтты, деп хабарлайды El.kz

 

"Ақиқаттың алдаспаны, намыстың наркескені атанған ардақты Шерағаң саналы ғұмырын ұлт руханиятының дамуына арнаған қарымды қаламгер, қайраткер тұлға еді. Сөз зергері Шерхан Мұртаза журналистикада тұтас бір буынды тәрбиелеп, таланттарға жол ашқан, өзіндік мектебін қалыптастырған қазақ баспасөзінің мәуелі бәйтерегі болды. Абыройлы азамат ретінде биік мінберлерде елдік мәселелерді көтеріп, ұлт мүддесі жолында аянбай күресті. Жазушының қаламынан туған құнды туындылар уақытпен бірге жасап, өскелең ұрпақтың жадында жаңғыра берері анық. Оның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды", - делінген құттықтауда.

"Ширыққан шындықтың шырақшысы, шебер шығармаларымен қоғамның шипагері болған Шерағаңның 90 жылдық торқалы тойы тарихы терең Тараз жерінде басталды. Абыз тұлғаның еңселі ескерткіші тұғырына қонды. Жиынға арнайы қатысып, Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып бердім. Тұғырына қонып рухы асқақтаған Алаш ардақтысының тойы құтты болсын!", - деп жазды министр Дархан Қыдырәлі желідегі парақшасында.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Таразда Шерхан Мұртазаға арнап ескерткіш ашылды. Арнайы ғылыми конферения ұйымдастырылып, туған ауылы Жуалыда бірқатар іс-шаралар өтеді. 

Бөлісу: