Президент елімізде басымдық беріліп отырған әлеуметтік салаларға тоқталды

23 Қазан, 14:00 311

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында елімізде басымдық беріліп отырған әлеуметтік салаларға тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биыл «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 115 жаңа медицина нысаны салынды. Отандық медицинада емдеудің инновациялық әдістері енгізіліп, онкологиялық қызметті кешенді жаңғырту жұмыстары басталды. Сала қызметкерлерін құқықтық және қаржылық тұрғыдан қорғау туралы заң қабылданды. Бұл – аталған мамандықтың мәртебесін арттыруға бағытталған қадам. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалып отыр. Орташа өмір сүру ұзақтығы Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет 75 жастан асты. Ұрпаққа сапалы білім беру – маңызды міндет. Елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Соның арқасында 500 мыңға жуық бала жаңа білім ордасында оқитын болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ғылымы және техникасы дамыған елдердің әлем көшін бастап тұрғанын тілге тиек етіп, осы үдерістен қалмау үшін технократ ұлт болуымыз қажет екенін алға тартты.

Бұл – уақыт талабы. Келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладық. Біз техникалық және кәсіптік білім беруге баса мән беріп отырмыз. Биыл осы салаға арналған мемлекеттік тапсырысты едәуір көбейттік. Грант санын 10 мыңға арттырдық. Мемлекеттік тапсырыстың 65 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. Елімізде шетелдің беделді жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Білім-ғылымның сапасын жақсартуға қатысты басқа да шаралар қолға алынды. Жақында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданды. Мұның бәрі бәсекеге қабілетті озық ұлт болуымыз үшін өте маңызды деп ойлаймын, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өзінің бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы басталғанын, бұл халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге арналған жалпыұлттық жоба екенін атап өтті.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: