Президент Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Бас хатшысымен кездесті

30 Қараша 2022, 19:00 1477

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті

Мемлекет басшысы Францияға жасаған ресми сапары аясында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Бас хатшысы Матиас Корманмен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында Президент Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы табысты ынтымақтастық деңгейін атап өтті.

– Кеше Президент Макронмен кездесуде біз екіжақты қарым-қатынасымыздың көптеген аспектісіне қатысты ұстанымдарымызды нақтылап, маңызды құжаттарға қол қойдық. Сонымен қатар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен өзара байланыс Қазақстан үшін әрқашан басым бағыттың бірі болғанын атап өткім келеді. Сіздің ұйымыңызбен байланысымызды сақтауға ниеттіміз. Сондай-ақ еліміздің экономикалық дамуына қатысты ұйымның ұсыныстары мен кеңестері үшін ризашылығымызды білдіреміз, – деді Президент.

Ұйыммен ынтымақтастық орнатқалы бері Қазақстан ЭЫДҰ-ның 42 құқықтық құжатына қол қойған, 37 органының жұмысына қатысады және түрлі салалық құжаттың белсенді мүшесі. Сонымен қатар Қазақстан ЭЫДҰ-ның Еуразия елдерінің бәсекеге қабілетін арттыру, жемқорлықпен күрес және жасыл экономиканы дамыту жөніндегі өңірлік бастамаларына белсенді түрде қолдау көрсетеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Үкіметі мен ЭЫДҰ арасында қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандум аясындағы бірлескен бастамалардың ауқымын кеңейту ұйыммен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруда маңызды қадам болады.

Өз кезегінде Матиас Корман Қазақстанның ұйыммен табысты ынтымақтастығын оң бағалайтынын жеткізді.

Кездесу нәтижесінде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ұйымның «Құрметті қонақтар кітабына» естелік қолтаңба қалдырды.

EL.KZ
Бөлісу: