Президент денсаулық сақтау мен жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырды

21 Желтоқсан 2023, 21:18 1237

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Үкіметке денсаулық сақтау мен жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ағымдағы жылы республика өңірлерінде 90 жаңа денсаулық сақтау объектісі, оның ішінде 59-ы "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасының шеңберінде салынды.

Сонымен қатар 80 медициналық мекеме жөнделіп, 4 көпбейінді  аудандық орталық аурухананы қайта жаңарту басталды. Стационарларда 3 миллионға жуық адам көмек алды.  Медициналық-санитариялық алғашқы көмек желісі 90 миллионнан астам адамды  қабылдады.

Биыл республикада 360 мыңнан астам  нәресте дүниеге келді. Жедел медициналық көмек бригадалары пациенттерге 8 миллионнан астам шақыруға қызмет көрсетті. Жыл сайынғы ұлғаю нәтижесінде ағымдағы жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 2,5 трлн теңгені құрады. Дәрі-дәрмекпен қамту 3,9 млн пациентті құрады. Биыл ҚР медициналық мекемелері үшін 58,8 млрд теңгеге 514 бірлік медициналық техника сатып алынды.

2023 жылы көрсетілген консультациялық-диагностикалық қызметтердің саны 2,5 есеге артып, 324 млн. астам құрады. Жалпы профилактикалық тексерулермен шамамен 2,6 млн ауыл тұрғыны қамтылды. Медициналық пойыздар шеңберінде 50 мыңнан астам адам қызмет алды. Қазақстандықтар трансплантология, кардиохирургия, онкология, инновациялық жасушалық технологиялар саласындағы жоғары технологиялық медициналық қызметтердің 80 түріне қол жеткізе алады, олар бойынша 20 мыңға жуық адам емделді.

Дәрігерлерге, оның ішінде аса тапшы мамандықтар бойынша қажеттілікті қамтамасыз ету үшін 2023 жылы республикалық бюджеттің есебінен 6 мыңға жуық білім беру гранты бөлінді.

Перизат Саденова
Бөлісу: