«Ақорда» резиденциясында он төрт мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілерінің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы дипломаттарға еліміз БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына негізделген әділетті әлем орнату тәртібін жақтайтынын айтты.
Қазақстан елдің қауіпсіздігі мен орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бейбіт сыртқы саясат жүргізеді. Біз сіздердің мемлекеттеріңізбен өзара тиімді, достық қарым-қатынастарды кеңейтуге және нығайтуға мүдделіміз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экономикалық даму тұрғысынан келешегі зор екенін, елімізді әлемдік экономиканың маңызды бөлігіне айналдыру үшін барлық мүмкіндікті жасайтынын атап өтті.
Еліміз – Орталық Азия өңіріндегі экономикасы ең дамыған мемлекет. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Экономикамызды одан әрі орнықты дамыту үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент салтанатты рәсім соңында елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының ресми түрде басталуымен құттықтап, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту ісінде табыс тіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев сенім грамоталарын тапсырған елшілер мемлекеттерінің басшыларына ізгі тілегі мен сәлемін жолдады.
Сенім грамоталарын Швейцария Конфедерациясының елшісі Салман Бал, Литва Республикасының елшісі Эгидиюс Навикас, Чех Республикасының елшісі Павол Шепеляк, Үндістан Республикасының елшісі Нагендра Прасад, Иордания Хашимит Корольдігінің елшісі Хамза Махмуд Юсеф Әл-Омари, Нидерланд Корольдігінің елшісі Николаас Якоб Схермерс, Қасиетті Тақтың Қазақстандағы апостолдық нунциі Джордж Джордж Панамтундил, Словения Республикасының елшісі Дарья Бавдаж Курет, Уганда Республикасының елшісі Мозес Каваалууко Кизиге, Гана Республикасының елшісі Лесли Ача Опоку-Уаре, Шығыс Уругвай Республикасының елшісі Даниель Рубен Кастильос Гомес, Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасының елшісі Адем Мұхаммед Махмуд, Дания Корольдігінің елшісі Якоб Хеннингсен, Непал Федеративтік Демократиялық Республикасының елшісі Милан Радж Туладхар тапсырды.