Президент Араб үйлестіру тобы қорларының басшыларын қабылдады

5 Қыркүйек, 20:00 363

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд даму қорының бас директоры Сұлтан Абдулрахман әл-Маршадпен, Абу Даби даму қорының операциялар жөніндегі директоры Адел Абдулла Халаф Шамс әл-Хосанимен, Араб экономикалық дамуы Кувейт қоры бас директоры орынбасарының міндетін атқарушы Рашаид әл-Бадермен және Қатар даму қорының стратегиялық инвестиция мәселелері жөніндегі басқарушысы Хайя Бинт Абдулрахман Әл Тәнимен кездесу өткізді, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Шығанақ елдері арасында саяси, сауда-экономика салалары бойынша өзара тиімді және берік қарым-қатынас орнағанын атап өтті. Сонымен қатар Араб елдерімен жан-жақты байланыс нақты келісімшарттармен және келісімдермен бекітілген. Оған өзара сапарлар және жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында қол жеткізілген болатын.

Президенттің айтуынша, Араб үйлестіру тобы өзін Қазақстанның стратегиялық серіктесі ретінде көрсетті.

Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 2029 жылға қарай кемінде 150 миллиард доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартуды мақсат ететін жаңа инвестициялық кезең басталғанын айтты.

Араб үйлестіру тобы қорларының басшылары Қазақстан Үкіметі мүшелерімен және бизнес қауымдастығының өкілдерімен екіжақты әрі көпжақты келіссөздердің табысты өткенін жеткізді. Онда экономиканың басым бағыттарында бірлескен инфрақұрылымдық және индустриалдық жобаларды қаржыландыру мен дамыту мәселелері қарастырылған.

Перизат Саденова
Бөлісу: