Мемлекет басшысы Ақтөбе қалалық полиция департаментінің жедел басқару орталығының ғимаратын аралап көрді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Нысан өңірдегі 15 мыңға жуық бейнекамера арқылы жергілікті жердегі ахуалды нақты уақыт режимінде тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді.
Орталықтың жедел залында 32 инспектор мен «102» шұғыл желісінің 3 операторы жұмыс істейді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов полиция қызметінде қолданылып жатқан цифрлық жобалар туралы баяндады.
Қазір Ақтөбе облысында 5 жедел басқару орталығы жұмыс істеп тұр. Осы орталықтар арқылы өңірде 1,8 мың қылмыстық құқық бұзушылық ашылып, 187 мың жол жүру ережесін бұзу фактісі анықталған.
Сонымен қатар Президентке ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологиясы қолданыла бастағаны туралы мәлімет берілді.
Аталған технология бақылау камераларындағы бейнеге талдау жүргізіп, жоғалып кеткен азаматтарды табуға көмектеседі. Сонымен қатар арнайы платформаға жүктелген фотосуреттер арқылы күдіктілердің бет-бейнесін танып, қажетті мәліметтерді де ұсынады. Бұдан бөлек жол жүру ережесін бұзу фактілерін тіркеп, көлік қозғалысын қадағалауға жәрдемдеседі.
Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет екенін айтып, қоғамда заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз етудің маңызына назар аударды.