Президент Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

18 Тамыз 2023, 16:31 1118

Жиынды ашқан Мемлекет басшысы былтыр күзде Алматы жұртшылығымен  кездесу барысында қаланы дамытудың басты бағыттары айқындалғанын атап өтіп, нәтижесінде Алматыны дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданып, шаһардың 2040 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілгенін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Алдағы 20 жылда Алматы халқының саны 3 миллионға жуықтайды деген болжам бар. Болашақта қала ішіндегі бес аумақ орталық ретінде дамиды. Сонда орталықтағы қазіргі ахуал біршама жеңілдеп, барлық ауданға бірдей салмақ түседі. Соңғы 10 жылда қала өте жылдам әрі ретсіз өсті. Алматының аумағы  екі еседен астам кеңейді. Бірақ инфрақұрылымның дамуы әр жерде әртүрлі болып отыр. Қалада  тұрғындар саны орташа алғанда  жыл сайын 70 мың адамға көбейіп келеді. Жұмысқа, сабаққа бару үшін іргелес елді мекендерден күн сайын 500 мың адам Алматыға келіп кетеді. Мұндай түйткілдерді уақтылы анықтап, дер кезінде шешіп отыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Кеңес барысында қаланың коммуналдық, жол және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ білім, экология және медицина салаларында қордаланып қалған проблемаларды шешу жолдары талқыланды.

Президент Алматы қаласын дамытуға қатысты негізгі проблемаларды шешу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы таяуда «Ақкент» ықшам ауданындағы көпқабатты тұрғын үйде болған өртті мысалға келтіріп, өрт қауіпсіздігі саласындағы ахуалды сынға алды. Президент Төтенше жағдайлар министрлігіне өрт кезінде сақталуға тиіс қауіпсіздік шаралары жөнінде халықтың сауатын арттыру үшін жаппай оқу-жаттығу шараларын ұйымдастыруды тапсырды.  Ал қала әкімдігіне өртке қарсы күрес қызметінің материалдық-техникалық базасын күшейту үшін пәрменді шаралар қабылдау міндеті жүктелді.

Президент Алматының экологиялық ахуалын жақсарту үшін қаладағы көлік қозғалысын реттеп, электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту қажет деп санайды.

Қала әкімі Ерболат Досаев 2025 жылдың соңына дейін қаладағы қоғамдық көлік саласы толықтай экологиялық стандартқа көшірілетінін баяндады. Бұдан бөлек, қажетті инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың электромобильге деген сұранысын арттыру мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.

Алматы қаласындағы инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі де Президент назарынан тыс қалмады. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі ең басты сын-қатердің бірі – сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. Тәжірибе көрсеткендей, Алматыда да бұл тұрғыда жағдай мәз емес.  

Мемлекет басшысының айтуынша, шаһарда судың үздіксіз берілуіне кедергі келтіретін апатты жағдайлар тым жиілеп кетуі сумен қамтамасыз ету саласындағы проблемаларды кезек күттірмей шешу қажет екенін көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы кезде сел жүріп, өзен суларының лайлануы жиілеп кеткені алаңдаушылық туғызатынын айтты. Соның салдарынан шілде айының соңында коммуналдық қызметтер қаланың жоғарғы бөлігіндегі аудан тұрғындарына су беруді шектеуге мәжбүр болды. Медеу ауданындағы 50 көппәтерлі үй мен 4 мыңнан астам жеке тұрғын үй сусыз қалды. Бұл тұрғындардың орынды наразылығын  туғызды.

Президент еліміздің ең үлкен шаһарындағы су шаруашылығын ретке келтіру үшін атқарылуға тиіс негізгі міндеттерді айқындап берді. Атап айтқанда, Үкімет пен қала әкімдігіне мердігерлердің кінәсінен кешіктірілген Қарғалы су жинақтау нысанын биыл қазан айының соңына дейін пайдалануға беру, қаланың су шаруашылығына толық тексеріс жасау және Алматының жоғарғы бөлігін сумен толық қамту үшін жерасты су көздеріне гидрогеологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ «Балқаш» станциясындағы резервуар мен төрт скважинаның құрылысын аяқтау міндеттері жүктелді.

Сонымен қатар Президент тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты бірқатар проблемаға тоқталды. Мемлекет басшысының пікірінше, ең алдымен, NEET санатына жататын жастардың арасындағы жұмыссыздық мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Үкіметке және әкімдікке жастарды жұмыспен қамту үшін арнайы бағдарлама әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.

Президент көтерген тағы бір маңызды мәселе – Алматының денсаулық сақтау саласындағы ахуал. Мемлекет басшысының айтуынша, қазір қаладағы денсаулық сақтау ұйымдары шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Әбден тозығы жеткен инфрақұрылымды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаржысы есебінен және мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізіндегі жобаларды жүзеге асыру арқылы кешенді түрде жаңғырту қажет. Президент Денсаулық сақтау министрлігіне медицина  мекемелеріндегі қаржы тапшылығын жою үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.

Бұдан бөлек, кеңес барысында Алматы экономикасын әртараптандыру мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта кәсіпкерліктің даму әлеуетіне оң баға берді.  Келтірілген мәліметтерге сәйкес 2022 жылдың өзінде Алматы мемлекеттік бюджетке төрт триллион теңгеден астам қаржы құйды. Қаладағы салық түсімдерінің басым бөлігі шағын және орта бизнестің төлемдеріне тиесілі.

Президент мегаполистегі бизнес-ахуалды жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау жөнінде міндет жүктеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жеке капиталды тарту, кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын күшейту, жаңа көлік-логистикалық орталықтарына қолдау көрсетудің тың шараларын қарастыру,  креативті индустрия, туризм салаларын дамыту Алматы экономикасына тың серпін беруге тиіс.

Сонымен қатар жиын барысында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова сөз сөйледі.

EL.KZ
Бөлісу: