Президент Алматы облысының әкімін қабылдады

Бүгiн, 15:07 180

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдап, өңірдің 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы есеп тыңдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әкімнің айтуынша, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 507,9 миллиард теңгеге, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 97,4 миллиард теңгеге жеткен. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 146,2 мыңға дейін өсіп, 7,7 пайызға артқан.

Өңірде биылғы жылдың басынан бері 12 жаңа өнеркәсіп жобасы іске қосылды. Солардың қатарында «GALANZ bottlers» өндіріс алаңының кеңеюі, «Бартоғай ГЭС-28» және Шарын өзенінде шағын ГЭС каскадының құрылысы сияқты ірі жобалар бар. Жалпы құны 2,4 триллион теңгені құрайтын 122 жобаның жүзеге асырылуы нәтижесінде 36 776 жаңа жұмыс орны ашылуы жоспарланған.

Қонаев және Алатау қалаларының дамуына да ерекше көңіл бөлінуде. Қонаевта «Smart Qonaev» қаланы басқарудың бірыңғай жүйесі енгізілуде. Ал Алатау қаласының бас жоспарына түзетулер енгізіліп, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жобалау жұмыстары басталған.

Білім беру саласында да ірі жобалар қолға алынған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17 жаңа білім ордасының құрылысы жүріп жатыр. Үш ауысымды оқыту мәселесін шешу үшін мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде 19 мектеп салу жоспарланған. Сондай-ақ, 2025-2027 жылдары 91 білім ошағында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қонаев және Алатау қалаларын, жалпы Алматы агломерациясын дамытуға бағытталған барлық мақсаттарды сапалы әрі уақытылы орындаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге, индустриалды аймақтар мен Аlatau АЭА-ның әлеуетін күшейтуге және коммуналдық инфрақұрылым мен ауыл жолдарын дамытуға ерекше назар аударуды тапсырды.

EL.KZ
Бөлісу: