Премьер-министрдің орынбасары «Ақтау Агро» құс фабрикасын аралады

27 Ақпан, 05:41 557

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин «Ақтау Агро» құс фабрикасын аралап, жұмысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап. 

«Ақтау Агро» құс шаруашылығы кешені  инкубатор, 30 мың басқа арналған 16 құс үйі, сою цехы, құрама жем зауыты, ғылыми-зерттеу зертханасы және ветеринарлық бекет сынды бірнеше блоктардан тұрады. Шаруашылықта өткен жылы 3220 тонна өнім өндірілді. Сондай-ақ, құс фабрикасының қуаттылығы жылына 5 мың тонна етті құрайды. 

«Ақтау Агро» ЖШС мемлекеттік бағдарламалар аясында инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бағдарламасы бойынша 603,6 млн теңге субсидия алды. Ал, құс өнімін өндіру құнын арзандатуға  220,7 млн. теңге бөлінді. 

Жалпы Маңғыстау облысында құс фабрикасы өнімін тікелей сататын 22 дүкен жұмыс істейді. Оның ішінде Ақтау қаласында - 13, Жаңаөзен қаласында - 3, Мұнайлы ауданында – 1, Түпқараған ауданында – 2, Бейнеу ауданында – 2 және Қарақия ауданында – 1 дүкен бар. Сонымен қатар, өнімдер жергілікті  супермаркеттер мен минимаркеттерде сатылады.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: