21 Мамыр 2014, 06:17
Италия құрамасы
Бас бапкер:
Команда капитаны: Джанлуиджи Буффон
Ең көп ойын өткізген ойыншы: Джанлуиджи Буффон (138)
Ең көп гол соққан ойыншы: Луиджи Рива (35)
ФИФА рейтінгісіндегі орны: 9
Италия футболының абыройы қашаннан биік. Олардың жеңісті жолдары ерте басталды. Тіпті сонау 1934,1938 жылдары қатарынан екі әлем біріншілігінде топ жарып, сол кездің өзінде мықтылықтарын дәлелдей алды. Одан кейін төрт жылдықтың алтын жүлдесін тағы ек рет иеленді (1982,2006 жылдары). Бұл жөнінен олар тек Бразилияға жол береді. Сондай-ақ, чемпиондықтарын қорғаған тарихтағы тұңғыш құрама. 1936 жылы Олимпиада ойындарында және 1968жылы Еуропа чемпионатын ұтып, үш ірі турнирде жеңіске жеткен қарт құрлықтағы алғашқы құрама атанды. Екі рет әлем чемпионы атанған жалғыз бапкер де итальяндық – Витторио Поццо. Олимпиадағы жалғыз алтында осы бапкердің тұсында келген.
Италия құрамасы үшін өткен ғасырдың 50-60 жылдары аса сәтті бола қойған жоқ. «Скуадра адзурра» екі әлем чемпионатында да топтық турнирден аса алмады, алғашқы Еуропа додасына мүлде қатысқан жоқ, ал екіншісінде 1/8 финалда-ақ КСРО құрамасынан ұтылып қалды. Бірақ, үшіншісінде чемпион атанып, жанкүйерлерін қуантқан болатын. Одан кейін 1986-дан 2006-ға дейін 20 жыл қатарынан ешқандай ірі турнирде чемпион бола алмады. Ол жылдары «апенин» түбегінің құрамасы атап айтар болсақ: 1988 жылы Еуропа, 1990 жылы әлем біріншілігінің қоласын еншіледі. 1994 жылы әлем, 2000 жылы Еуропа чемпионатында финалға жетіп сүрінді. Бұл да аз табыс емес. Роберто Манчини, Джузеппе Джаннини, Джанлука Виалли, Роберто Донадони, Роберто Баджо бастаған даңқты ойыншылар көсілді. Келесі екінші мыңжылдықтың басында жанкүйерлер Тотти, Тони, Мальдини, Пирло, Гаттузо, Филиппо Индзаги, Алессандро Неста, Дель Пьеро Фабио Каннаваро, Джанлуиджи Буффон секілді футболшылардың өнеріне қол соқты.
2006 жылы Германияда әлем біріншілігінде топ жарған соң, буын алмасу процессі тағы басталды. Тотти, Неста, Мальдини секілді даңқты ойыншылардың біразы құрамамен қоштасты. Олардың орнына келген жаңа ойыншыларға тәжірибе жетіспей жатты. 2008 жылы Еуропа біріншілігінде ширек финалда сүрінсе, 2010 жылы әлемдік додада топтан шыға алмады.
Ал 2012 жылы Польша мен Украинада өткен құрлық додасында Чезаре Пранделли бапкер жасақтаған құрама көрермен көңілінен шығатын ойын көрсетті. Шығыс Еуропада өткен доп додасында Пранделли бапкер «каттеначчо» емес, шабуылға бейімделген тактика ұстанып талайды тамсандырды. Сол жолы ақтық сынға дейін жетіп, финалда Испаниядан ойсырай ұтылды.
Ал Бразилиядағы әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде Италия Дания, Чехия, Болгария, Армения, Мальта құрамаларымен бір топқа түсіп, бірінші орын алды.
Қазіргі құрам
Қақпа кілті команда капитаны, 36 жастағы ардагер қақпашы Джанлуиджи Буффонның қолында. 17 жыл бойы «Скуадра адзурраның» №1 қақпашысы болып келе жатқан Буффонның бұл соңғы әлем біріншілігі болмақ. Буффонмен бөлек Перин («Дженоа»), Сиригу (ПСЖ), Миранте («Парма») Пранделлидің тізіміне енген.
Қорғаныстың оң қапталына үш үміткер бар: Кристиан Маджо («Наполи»), Маттия Де Шильо, Игнасио Абате ( екеуі де «Милан»). Сол қанатта Мануэль Паскуаль («Фиорентина») ешқандай балама табыла қоймас. Джорджо Кьеллини, Леонардо Бонуччи, Андреа Бардзальи (барлығы «Ювентус») қорғаныстың орта тұсы осы үштікке жүктеледі. Сонымен қатар Маттео Дармиан («Торино»), Габриэль Палетта («Парма»), Андреа Раноккьядің де («Интер») өнерін тамашалап қалуымыз ықтимал.
Орталық алаңда Андреа Пирло, Клаудио Маркизио (екеуі де – «Ювентус»), Даниэле Де Росси («Рома»), Риккардо Монтоливо («Милан»), Тиаго Мотта, Марко Верратти (ПСЖ), Антонио Кандрева («Лацио»), Альберто Аквилани («Фиорентина»), Марко Пароло («Парма»), Калдейра Ромуло («Верона») секілді ойыншылар Бразилияда шеберліктерін паш етуі тиіс.
Италияның шабуыл өтіндегі басты үміті «Супер Марио» яғни Марио Балотелли («Милан») болып тұр. Одан бөлек Маттиа Дестро («Рома), Алессио Черчи, Чиро Иммобиле (екеуі де «Торино»), Джузеппе Росси («Фиорентина), Антонио Кассано («Парма») бар.
Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:
14 маусым.Манаус.Англия – Италия
19 маусым. Ресифи. Италия – Коста-Рика
24 маусым. Натал. Италия – Уругвай.
Бек Төлеуов