Помпалық терапия алатын қант диабетімен ауратын балалардың өмір сүруі 3,5 жасқа ұзарды

23 Шілде 2015, 10:24

Бүгінгі таңда 1 типтегіқант диабетімен ауыратын 1 мен 18 жас аралығындағы 1103 бала мен жасөспірім инсулин помпаларымен қамтамасыз етілген.

 Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Диабет және балалар» тақырыбында өткен брифингте Астана қаласының штаттан тыс бас эндокринологы, инсулиндік помпалар бойынша ұлттық үйлестіруші Гүлмира Әбдуақасова хабарлады.

Бүгінгі таңда 1 типтегіқант диабетімен ауыратын 1 мен 18 жас аралығындағы 1103 бала мен жасөспірім инсулин помпаларымен қамтамасыз етілгенін айтты. Пациенттер мен олардың ата-аналарын тамақтануды есептеу дағдыларына, инсулиндік помпаларды пайдалануды үйрететін және оларды орнататын 23 помпалық мектеп жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, помпалық терапияны дұрыс қолдану мониторингі де жүргізіліп отырады. Помпалық инсулин терапиясын алатын барлық балаларға тоқсандық гликирленген гемоглобин анықталады.

Помпалық терапияның нәтижесінде балаларда аурудың негізгі көрсеткіштерін бақылау(гликирленген гемоглобинді)1,1%-ға жақсарды. Шприцтік терапиямен салыстырғанда пациенттердің өмір сүру сапасының көрсеткіштері 100%-ға жоғарылады. Балалардың өмір сүруі 3,58 жасқа ұлғайды. Негізгі сырқатқа байланысты жоспарлық госпитализациялау, асқынулар бойынша шұғыл госпитализациялау жиілігі төмендеді. Помпалық терапиядағы балалар мектепте білім алуға, бала-бақшаға, спорттық секцияларға өз қатарластарымен бірге баруға мүмкіндік алды. 

Эндокринолог кабинеттерінде жұмыс істейтін 200-ден аса эндокринологтар мен 30 мейірбике помпалық терапия бойынша оқып, онымен жұмыс істеуге дайындықтан өтті.

Өз кезегінде«Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ эндокринологы Найля Тоқтарова Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында инсулин терапиясын алатын1 және 2 типтегі қант диабетімен ауыратын барлық пациенттер адами инсулинмен, оған ұқсас дәрілер және жеткізу құралдарымен (шприц-қаламдар, инсулин шприцтері, инелер, шығын материалдары бар инсулиндік помпалар) қамтамасыз етілетіндігі туралы хабарлады. Олар қант диабетін өздігінен бақылайтын тест-жолақшалар және ланцеттермен қамтамасыз етіледі.

2013 жылы республикалық бюджетінің есебінен4 млрд. 626,6 млн. теңгеге, 2014 жылы 5 млрд. 699,3 млн. теңгеге инсулин сатып алынды, 2015 жылы 6 млрд. 969,6 млн. теңгеге сатып алу жоспарланып отыр. Жергілікті бюджет есебінен 2013 жылы 1 млрд. 303,5 млн. теңгеге, 2014 жылы 1 млрд. 563,4 млн. теңгеге сатып алынған болатын.

Бұл ретте ҚР Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігі еліміздің екі пилоттық өңірінде созылмалы инфекциялық емес ауруларды басқару бағдарламасын енгізуде. Оның шеңберінде пациенттер қант диабетін басқару бойынша оқытылып жатыр.

Диабет, помпа мектептері, амбулаториялық-емханалық ұйымдар деңгейіндегі диабеттік табан кабинеттері ашылды. Барлық аймақтарда 1 және 2 типтегі, жүкті әйелдердегі, туу кезеңіндегі және босанғаннан кейінгі қант диабетін емдеу бойынша клиникалық хаттамалар енгізіліп, жетілдірілді. Сондай-ақ, аймақтарда диетотерапия, денеге түсетін ауырлық пен инсулин терапиясының техникасына үйретуге бағытталған 83 мектеп жұмыс істеуде.

Сонымен қатар, «Фонд диабетического просвещения РК» қоғамдық қоры «Назар аударыңыз! Диабет жаныңызда!» атты жобаны жүзеге асыруға кірісті. Оның мақсаты -  жастар арасында диабет ауруы туралы ақпарат тарату, диабетті асқындыратын қауіп-қатерлерді айқындау, дұрыс тамақтану дағдыларын қалыптастыру, Астана және Алматы қалалары тұрғындарының арасында  қант диабетін анықтау шараларын ұйымдастыру және өткізу.

«Жобаға Астана мен Алматы қалаларындағы мемлекеттік мекемелердің барлық оқушылары мен студенттері қатысатын болады. Шара аталмыш қалалардың әкімдіктерінің, денсаулық сақтау және білім беру органдарының қолдауымен өтеді», - деп хабарлады «Фонд диабетического просвещения РК» ҚҚ директоры Наталья Тукалевская.

Қант диабеті бойынша Ұлттық регистр мәліметтеріне сәйкес, 2015 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда 261453 пациент, оның ішінде  259253 ересектер, 566 жасөспірімдер, 1634 балалар есепте тұр.

 


Ақпарат дереккөзі:   ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі 

Бөлісу: