Полиция түлектер мен олардың ата-аналарына үндеу жасады

21 Маусым 2023, 09:35 1172

Мектепті бітіруге байланысты полиция түлектер мен олардың ата-аналарын сақтық шараларын сақтауға шақырды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Осы аптада елімізде мектеп бітіру кештері өткізілуде. Айтулы күнде түлектердің қатысуымен жыл сайын құқық бұзушылықтар болатыны, олардың соңы қайғылы жайтқа ұласатыны жасырын емес. ҚР ІІМ мәліметінше, осыған орай іс-шаралар өткізілетін орындарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін әрбір оқу орнына полиция қызметкерлері және басшы құрам қатарынан жауаптылар бекітіледі.

Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында полицияның патрульдік нарядтары кеш өткізілетін орындарға барынша жақын орналастырылды, сондай-ақ жедел басқару орталықтарының бейнебақылау камералары іске қосылды. Жалпы аталған іс-шараларға 7 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылды.

Ата-аналардан және түлектердің өздерінен қоғамдық тәртіпті бұзбауды, жол жүрісі қағидаларын сақтауды, су қоймасында қауіпсіздік шараларын қабылдауды өтінеміз. Тәрбиешілер, ата-аналар және кәмелетке толмағандардың басқа да заңды өкілдері іс-шара аяқталғанға дейін түлектерге тұрақты бақылауды қамтамасыз етуі керек. Құрметті түлектер мен олардың ата-аналары, бұл мереке сіз үшін тек жағымды жағынан есте қалуы керек. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз, – деді ІІМ ӘПК басқарма бастығы Әсет Оспанов.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: