Қостанай облысында полицейлер жол ережесін бұзған Lexus көлігінің жүргізушісіне шара қолданбағаны үшін қызметтерінен босатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбада патрульдік полиция қызметкерлерінің жылдамдықты асырған Lexus жүргізушісін тоқтатқан сәті түсірілген. Алайда жүргізуші тәртіп сақшыларына агрессивті түрде жауап беріп, олардың нөмірін «есте сақтап алу керектігін» айтқан. Сонымен қатар, 11 жылдық тәжірибесі бар екенін алға тартып, ешқандай жауапкершілікке тартылмастан, көлігіне отырып, оқиға орнынан кетіп қалған.
Қостанай – Әулиекөл – Сурған тас жолында орын алған бұл оқиға бойынша қызметтік тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, жүргізушінің жылдамдық режимін бұзғаны анықталды. Алайда патрульдік полиция қызметкерлері оған ешқандай шара қолданбаған. Осыған байланысты тәртіптік комиссияның шешімімен екі инспектор қызметтерінен босатылды.
Құқық бұзушының әкімшілік жауапкершілікке тартылуы туралы мәселе жеке тексеру қорытындылары бойынша қаралатын болады.