Полиглот Ерсұлтан Исламов көп тіл үйренудің тәсілдерін айтты

31 Шілде, 18:00 1097

Тіл – қарым-қатынас құралы. «Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам» деп бекер айтылмаса керек. Тіл арқылы адам өзге елдің мәдениетімен, дәстүрімен танысады, осылайша өзінің таным көкжиегін арттырады. Бірнеше тілді меңгерген азаматтың білімі де, өмірге деген көзқарасы да терең болады. Бүгінгі мақаламызда шет тілдерін үйренуге қатысты зерттеу жүргізіп көрдік.

Әлемде қанша тіл бар?

«Халықаралық лингвистикалық энциклопедияның» («The Іnternatіonal Encіclopedіa of Lіnguіstіcs», 1992) дерегіне сүйенсек, дүние жүзінде 1970-80 жылы 6604 тіл (оның ішінде 300 өлі тіл) болса, ал «Әлем тілдерінің атласы» («Atlas of the World’s Languages», 1994) әлемде 6796 тіл бар деп хабарлаған. 20 ғасырдың 90-жылдарында дүние жүзінде 6 мыңдай тіл болды деген ақпарат таратты.

Ал танымал «Ethnologue» тілдер каталогындағы деректерге сәйкес, әлемде 7 168 тіл бар екен. Сарапшылар жоғарыда аталған көрсеткішті тұрақты деп қарастыруға болмайтынын, сондай-ақ оның саны өзгеріп отыратынын айтады. Мәселен, қазіргі таңда тілдердің 40 пайызына жойылып кету қаупі төніп тұр. Себебі оларды күнделікті өмірде қолданатындар саны 1 мың адамнан аз.

Адамдар ең көп сөйлейтін тілдер

«World Population Clock» дерегіне сәйкес, 2024 жылдың шілдесіндегі жағдай бойынша жер шарында 8,12 миллиард адам өмір сүретіні белгілі болды.  Жер халқының шамамен 2/3 бөлігі ең көп таралған 40 тілде сөйлейді.

«PoliticalInsights» ақпаратына сүйенсек, қазіргі таңда әлем тілдері арасында 2024 жылы көш бастап тұрған 8 тіл бар. Олардың тізімі төмендегідей болды:

Бірінші орында қолданыста жүрген – ол әрине, Қытайдың ресми ауызекі диалектісі ретінде жұмыс істейтін мандарин тілі. Ол тілде дүние жүзінде миллиардтан астам адам сөйлейді. Классикалық (немесе әдеби) қытай тілі біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдан бастап ХХ ғасырдың басына дейін Шығыс Азияның көп бөлігінде қолданылған. Қытай тілінің мандарин диалектісі Юань әулеті кезінде (1279-1368) пайда болды және бірнеше ғасырлар өткеннен кейін Қытай империясының ресми тіліне айналды. Бұл тіл  Қытайда, Сингапурда, Тайваньда, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша америкалық, канадалық, австралиялық және басқа да диаспораларда өте кеңенін таралған.

Болашақта қазақстандықтар үшін қытай тілі де қазіргі орыс, ағылшын тілдері секілді маңызды тілдердің қатарында болуы әбден мүмкін. Себебі көршімізбен байланысымыз уақыт өткен сайын жақсарып келеді. Оның бір көрінісі Астанада өткен ШЫҰ саммиті кезінде анық байқалды.

Бұған дейін орыс тілін қалай білсек енді қытай тілінде де дәл солай еркін сөйлей алатын буынның өсіп келе жатқанын көрдік.

Екінші орынға испан тілі орналасты. Бұл тілде шамамен 460 миллион адам сөйлейді. Испан тілі Пиреней түбегінің тұрғындары қолданған латын тілінің бірнеше диалектілерінен шыққан. Испан тілінің алғашқы жазбаша дәлелі – біздің заманымыздың X ғасырына жататын  «Glosas Emilianenses» испан түсіндірмелері бар латын мәтіндерінің жинағы. Испан тілі Африкада, Азияда, Америкада таралды және құрылған колонияларды басқаруда шешуші рөл атқарған. ХХІ ғасырда испан тілі 20 елдің ресми тілі болып саналады, олардың көпшілігі Еуропа мен Латын Америкасында орналасқан. Бір қызығы, испан тілі АҚШ-та өте кеңінен таралған, ол ағылшын тілінен кейінгі екінші орында.

Ағылшын тілі үшінші орынға жайғасты. Біздің заманымыздың V ғасырында англо-саксондық патшалықтарда пайда болған ағылшын тілінде сөйлейтіндердің саны шамамен 380 миллионға дейін жеткен деп есептеледі. Ағылшын тілін білетін әр түрлі елдің тұрғындарының жалпы саны шамамен 753 миллионды құрайды. Ағылшын тілінің бүкіл әлемге таралуына Британ империясының барлық континенттерді қамтыған гүлдену кезеңінде кеңеюі ықпал етті. Бүгінгі таңда ағылшын тілі 67 мемлекетте және тағы отызға жуық егеменді емес құрылымдарда ресми тіл болып табылады. Сонымен қатар ағылшын тілі дипломатия, ғылым және бизнес сияқты салаларда халықаралық мәртебеге ие.

Төрінші орында тұрған – хинди тілі. Үндістанның ресми түрде танылған 22 тілінің қатарына кіретін бұл тілде 340 миллионнан астам адам сөйлейді. Хинди тілі бірнеше ғасырлар бойы өзгерген санскриттен (Үндістанның ежелгі тілі) шыққан деп есептеледі. 1950 жылы хиндидің ресми тіл ретіндегі мәртебесі ұлттық Конституцияда бекітілді. Бір қызығы, елдің лингвистикалық әртүрлілігін ескеретін қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әрбір үнді мемлекеті өзінің ресми тілін таңдауға құқылы. Үндістанның орталық және солтүстік аудандарынан басқа, хинди Бангладеште, Пәкістанда, Непалда, сондай-ақ британдық, американдық және Оңтүстік Африка диаспораларында таралды. Хиндиді жаһандық танымал етудің заманауи құралдарының ішінде Болливуд-Үндістанның ұлттық кино индустриясын атап өтуге болады.

Бесінші орындағы танымал тіл – араб тілі. Бұл тілде дүние жүзінде 274 миллион адам сөйлейді. Араб тілі біздің дәуіріміздің I ғасырында Араб түбегінде пайда болды және одан әрі Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкаға таралды. Бүгінгі таңда араб тілі 25 елде ресми тіл, сонымен қатар БҰҰ-ның алты ресми тілінің бірі болып табылады. Көптеген аймақтық диалектілерді біріктіре отырып, оның мұсылмандар үшін мәдени ғана емес, діни маңызы да бар.

Келесі кезекте бенгал тілі алтыншы орынға жайғасты. Шамамен 228 миллион адам сөйлейтін бенгал (үнді-арий) тілі біздің заманымыздың IX-X ғасырларында магадха және санскрит тілдерінен дамыды. Бенгал тілінде сөйлейтіндердің көпшілігі Үндістанның шығысында және Бангладеште тұрады. ХХ ғасырдың ортасындағы тарихи оқиғаларды талдай отырып, бенгал тілінің бұл біріктіруші күші Бангладештің Пәкістаннан тәуелсіздік үшін күресінде шешуші рөл атқарды.

Жетінші орында португал тілі тұр. Португал тілі де испан тілі сияқты латын тілінен шыққан. Бұл тілде 220 миллионнан астам адам сөйлейді.  Португалдық саудагерлер мен зерттеушілер XV-XVI ғасырларда өз тілдерінің таралуына ықпал еткен. Оңтүстік Америка, Азия және Африка колонияларын қамтыған ауқымды экспансия Ангола, Мозамбик, Шығыс Тимор және Бразилия сияқты елдердің лингвистикалық ландшафтына әсер етті. Португал тілі –төрт құрлықта орналасқан тоғыз елдің ресми тілі. Ол сондай-ақ американдық, канадалық диаспораларда және кейбір еуропалық мемлекеттерде таралды.

Сегізінші тіл – орыс тілі. Бұл тіл халықаралық болып саналады. Орыс тілінде сөйлейтіндердің саны 146 миллион адамнан асады. Ресейде, Беларуссияда, Қазақстанда және Қырғызстанда ресми мәртебеге ие орыс тілі XVIII ғасырдан бастап белсенді дамып келеді (негізінен сол кездегі жазушылардың әсерінен).

Әлемдегі ең қиын және ең оңай тілдер

Оңай тіл деген не?

Кез келген адам ең оңай әрі қарапайым тіл деп өзінің ана тілін санайды. Сондықтан әр ұлт өкіліне өзінің ана тіліне ұқсас тілдерді үйрену жеңілірек болары сөзсіз.

Мәселен, орыс тілінде сөйлейтін адамдар үшін украин, словак, чех, ағылшын тілдерінде сөйлеу қиын болмайды. Ал ағылшын тілінде сөйлейтіндерге испан, итальян және француз тілдерін үйрену жеңіл. Кәрістерге орыс тіліне қарағанда қытай, жапон, тай тілдерін меңгеру оңайырақ.

Тілдің жеңіл екенін көрсететін шартты сипаттамалар да бар. Олар:

Лексика мен грамматиканың ерекшеліктері. Ережелер мен лексика неғұрлым аз болса, соғұрлым оңай;

Сөздердің ұзындығы. Сөздер неғұрлым қысқа болса, оларды үйрену жеңілірек болады;

Сөздердің жазылуы және транскрипциясы. Сөздері естілгендей жазылатын тілді үйрену әлдеқайда оңайырақ.

Үйренуге оңай топ-5 тіл

Төменде келтірілген жеңіл тілдердің бірін үйрену үшін 600-700 сағаттан артық уақыт кетпейді.

Ағылшын тілі үйренуге ең жеңіл тілдер қатарында көш бастайды. Мұнда жақ септік деген жоқ, грамматикасы барынша қарапайым. Ол әлемге ең көп танылған тіл болғандықтан, ағылшын тілін меңгергендер барлық жерден табылады. Сөздері қысқа, етістік тек үшінші жақта өзгереді. Әлемде көптеген адам ана тіліне қоса екінші тіл ретінде ағылшын тілін үйренеді.

Итальян тілі де жеңіл тілдердің бірі. Септік жоқ, жеңіл айтылады. Сөздік бойынша түбі латын тілінен тамыр тартады деуге болады. Яғни, үнді-еуропалық топтағы тілдерді білетін адамдарға таңсық емес.

Испан тілі – үйренуге ең оңай тілдердің қатарында. Сөздік қоры ағылшын тіліне ұқсас. Орфографиясы тым қарапайым, қалай естілсе, солай жазылады. Ол да итальян тілі секілді жеңіл айтылады, бұл тілде сөйлеу оңай, грамматикасы да қарапайым. Әлемде ең көп таралған тілдер сабын құрайды.

Француз тілі де қиын емес, көп сөздері ағылшын тіліне ұқсайды. Әлемде көп танылғандықтан, тез үйрену тәсілдерін табу қиынға соқпайды. Осы қасиеттерімен француз тілін де жеңіл меңгеретін тілдер қатарына қосамыз.

Эсперанто тілін де үйрену оңай. Ол да испан тілі сияқты қалай айтылса, солай жазылады. Бұл ғалымдар жасап шығарған тіл. Сондықтан ағылшын, француз, испан тілдерімен салыстырмалы түрде алғанда, эсперанто тілінде сөйлейтін адам аз. Егер сіздің эсперанто тілінде сөйлей білетініңізді көрсе, өзге эсперантистер бауырындай құшақ жая қабылдайтыны анық.

Үйренуге қиын топ-5 тіл

Күрделі тілдердің қатарына өзіндік алфавиті және көлемді лексикасы бар тілдер жатады. Мұндай тілдердің бірін үйрену үшін шамамен 2200 сағат уақытыңызды жұмсауға тура келеді.

Қытай тілі – жер бетіндегі ең ежелгі тілдердің біріне жатады. Бұл тілдің нақты алфавиттік қатары жоқ. Өйткені иероглифтермен таңбаланатын қытай әріптерінің әрбір таңбасы бір сөз болып оқылады. Одан бөлек, Қытайдың өзінде бір тілді бірнеше жікке бөліп сөйлейтін халықтар бар. Сондықтан болар әлемдегі ең қиын тіл ретінде көш бастап тұрған тіл осы.

Араб тілі де ең көне тілдердің бірі болып есептеледі. Оның қиындығы оқылуы мен жазылуында. Себебі араб тілін жазудың атап айтқанда 4 түрлі әдісі бар. Әріптерді айтудың өзі өте қиын. Ал сөздер мен сөйлемдерді айтқан кезде тілдің күрмеліп қалатыны да рас. 

Әлемдегі ең қиын тілдердің бірі венгер тілі. Оның қиындығы грамматикасында 35 сөз табы бар. Венгер тілінің тағы бір ерекшелігі оның айту кезінде тамаққа күш салатын жерлері бар.

Жапон тілінің қиындығы тілді пайдаланудың үш түрлі негізгі жүйесі бар. Жапон тілін үйрену үшін білім алушылар 10-15 мың иероглифті жаттауы тиіс.

Эстон тілінде 12 сөз табы бар. Ең қиыны, эстон тілінің грамматикасында сөз таптары ең маңызды рөл ойнайды. Тіпті кейбір сөздердің дұрыс айтпау мүлде басқа мағынаны білдіруі әбден мүмкін.

Шет тілдерін үйренудің әдіс-тәсілдері

Рим философы Аврелий Августин айтқандай, «тіл үйрену үшін қажеттілік, не мәжбүрлік емес, шынайы қызығушылықтың болуы маңызды». Өзге тілді үйрену қаншалықты қызық болғанымен, кейде шынымен адамдарды жалықтырып жібереді. Нәтижесінде көптеген білім алушы тіл үйрену процесін орта жолдан тастап кетеді. Мұндай жағдайға ұшырамас үшін тілді меңгерудің дұрыс әдіс-тәсілін таңдаған абзал болады.

Бірінші кеңес. Алдымен сөздік қорыңызды дұрыс жинақтаңыз. Кез келген тілді үйрену көптеген жаңа сөзді жаттаудан басталатыны анық. Барлық сөзді бірден жаттап алу мүмкін емес. Біз тіпті өз ана тіліміздегі бар кейбір сөздердің мағынасын біле бермейміз. Сондықтан «жаңа сөз» екен деп, барлығын қатарынан жаттай берудің қажеті жоқ. Мәселен, ағылшын тілінде кез келген мәтіннің жартысын қамтитын орташа есеппен 300-500 сөздің жинағы бар. Өзге тілдерде де осылай.

Сөздерді жылдам жаттап алу үшін оларды іріктеп, қағазға жазып, қабырғаға іліп қоюға болады. Сондай-ақ ғаламторда немесе смартфондардағы Lingualeo, Duolingo секілді әртүрлі қосымшалардың көмегіне жүгінген де дұрыс. Бірақ сөздерді үнемі жаттаудан бөлек, оны әрдайым қайталап тұру қажет екенін де ұмытпағаныңыз жөн.

Екінші кеңес. Үйреніп жатқан тіліңізде күнделікті сөйлесуге тырысыңыз. Бүгінгі таңда шет тілін меңгеру мақсатында тәжірибе жүзінде шетелге барудың аса бір қатты қажеті де жоқ. Себебі ғаламторда шексіз мүмкіндік бар. Facebook немесе Skуpe секілді әлеуметтік желілердің көмегімен тегін видеобайланыстардың қызметін пайдалана аласыз. Тіпті болмағанда өзіңізге қызық фильмдерді аударма субтитрлардың көмегімен көру арқылы тыңдау қабілетіңізді жақсара аласыз.      

Ең басты талап – сөйлеуден қорықпау және ұялмау. Біз өзіміздің тым аз сөз білметінімізді ескеріп, диалог құрудан қашқақтаймыз, осылайша қате сөйлеуден қорқамыз. Дегенмен тіл үйренуде басты жетістікке алып келетін кілт – тәжірибе екенін ұмытпағанымыз жөн.

Үшінші кеңес. Өзіңізге сенім артыңыз. Жаңа тілді үйрену жастарға жеңіл екені сөзсіз. Сондықтан да болар көптеген ересек адам «менің жасымда тіл үйрену қайда» деген себеппен артқа тартады. Шындығында ниеті, талабы бар адамға кез келген дүниені үйреніп алуға болады. Бастысы өзіңізге сенім білдіріп, көп нәрсені талап етудің де қажеті жоқ. Диалог барысындағы қателіктеріңізді ескеріп, дұрыстап отыруға тырысыңыз. Өйткені тіпті туған тілімізде сөйлеген кезде де қателіктердің болатыны өтірік емес. Сондықтан басқа тілде сөйлегенде қате болса да өз ойыңызды ашық жеткізуге талапына беріңіз.

Төртінші кеңес. Тіл үйренудің сізге не үшін қажет екенін біліп, өзіңіздің мақсаттарыңызды жекелеп, айқындап алыңыз. Тіл үйрену процесіне немқұрайлы қарамаған жөн. Себебі тіл қарым-қатынас құралы болғандықтан, оны қолдану барысында өз пікіріңізді толық жеткізе алу өте маңызды екенін ұмытпаңыз.

Бесінші кеңес. Үйреніп жатқан тіліңізді ана тілі деп білетін адамдардың сөйлеу мәнерін қайталауға тырысыңыз. Шет мемлекетке шыққан кезде сіздің өзге елдің азаматы екеніңізді бір сөйлегенде жіберілген акцент арқылы біледі. Сондықтан олардың диалогтарын көп тыңдап, тура сол кісілерге ұқсап дауыс тембрі мен интонацияны қайталауға тырысқаныңыз дұрыс.

«Тіл үйренудегі ең басты талап – тәжірибе»

Қазақ, орыс, ағылшын, қытай, түрік тілін меңгерген полиглот әрі ағылшын, қытай тілінен сабақ беретін ұстаз Ерсұлтан Исламов шет тілдерін үйренуге қатысты кеңесін берді.

Полиглоттың сөзінше, тіл үйрену үшін алдымен сол елдің мәдениетімен танысып алу қажет. Бірден тілді үйреніп бастап кету білім алушылар үшін ауыр болуы мүмкін.

Мысалға ағылшын тілін үйренгіңіз келсе, Америка туралы өз тіліңізде деректі фильмдерді қараңыз. Содан кейін Америкада жүрген адамдармен сөйлесіп көріңіз. Тіл үйрену деген мәдениетті үйрену деген сөз. Тіл үйрену үшін алдымен осындай қадамдарды жасау керек, – деп пікірін білдірді  Ерсұлтан Исламов.

Сонымен қатар полиглот тіл үйренудегі басты талапты атады.

Тіл үйренудегі ең басты талап – тәжірибе. Мүмкіндігінше, үйренуді мақсат етіп отырған тілдің аясында ортаны қалыптастыру қажет. Мәселен, күнделікті жасап жүрген істеріңіздің барлығын басқа тілге аударыңыз. Кітап оқығанды ұнатсаңыз, шет тілінде оқыңыз. Музыка тыңдағанды ұнатсаңыз, өзге тілде тыңдап, аударыңыз. Кино көргенді ұнатсаңыз, оны да басқа тілде қараңыз деген ұсыныс білдіремін, – деді ол.

Ерсұлтан Исламов білім алуды – жадыны күшейтумен тең деп есептейді.

Жадыны күшейтудің қандай жолдары бар? Оның бірден-бір тәсілі шет тіліндегі әрбір сөзді өзіңіз білетін сөзбен ассоциациялау немесе аударма жасау арқылы жаттау. Мен өзім мынадай бір техниканы пайдаланамын. Мысалы «How are you?» деген ағылшын тіліндегі сөйлемде «how» деген сөзді сиырмен байланыстырып жаттадым. Себебі біз сиырды  «аухау» деп шақырамыз ғой, ал «how» сөзі соған ұқсас. «Are you» дегенді «аю» деген сөзге теңестірдім, - деді полиглот.

Оның айтуынша, бүгінде әлеуметтік желіде «1-2 ай ішінде шет тілін үйреніп шығасыз» деген жарнамаларда асыра сілтеушілік бар.

Мен өзімді мұндай уәделерді беруден алшақ ұстаймын. Себебі әр адамның таланты әртүрлі. Бір бала тілді әлі дұрыс білмесе де бір-екі аптаның ішінде әдемі сөйлеп кетуі мүмкін. Ал екінші бала бес-алты ай бойы жүріп, уақыт өте келе сайрап тұруы мүмкін. Сондықтан ол адамның қарым-қабілетіне байланысты. Бос уәде бермес бұрын білім алушының потенциалын байқап алу маңызды, – дейді ұстаз.

Полиглот адам қанша шет тілін білсе, сонша ұлттың қамын ойлайды деген пікірде.

«Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам» демекші, сіз неше тіл білсеңіз, сонша адамсыз. Мәселен, менің атым – Ерсұлтан. Бойымда бес түрлі Ерсұлтан қалыптасқан. Орыс Ерсұлтан өте байыпты, көп сөйлемейтін болса, қытай Ерсұлтан кішіпейіл, еңбекқор, ағылшын Ерсұлтан өзіне өте сенімді, кішкене мақтаншақтығы бар, кез келген істі жоспарлағанды, мақсатына жетіп, берілмегенді жақсы көреді. Түрік Ерсұлтан бауырмал, сондай мейірімді, сізді жақсы көргісі келіп тұрады, ал қазақ Ерсұлтан өте қуатты әрі мықты. Қысқасы, неше тіл білсең, сонша адамсың деген осындайдан шыққан деп ойлаймын, - дейді Ерсұлтан Исламов.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: