Пластиктерді жейтін бактерия табылды

25 Наурыз 2016, 10:05

Жапон ғалымдары табиғаттың адамзат келтірген зиянмен күресуге талпынып жатқанын дәлелдейтін жаңалық ашты.

Жапон ғалымдары табиғаттың адамзат келтірген зиянмен күресуге талпынып жатқанын дәлелдейтін жаңалық ашты. Қоршаған ортаның пластик қалдықтармен ластануына жауап ретінде оларды жейтін бактериялар пайда болды.

Ideonella sakaiensis 201-F6 деген атауға ие болған жаңа бактерия мұхиттағы микроағзаларды зерттеу кезінде анықталған. Көптеген биологиялық түрлердің ішінен ғалымдар көміртектік және энергетикалық алмасу үшін полиэтилентерефталатты (ПЭТ) пайдаланатын бактериялардың колониясын аңғарды.

Зерттеу нәтижесінде Ideonella sakaiensis 201-F6 бактериясының ПЭТ-ті терефтал қышқылы мен этиленгликолға дейін ыдырататын екі ферментті бөлетіні белгілі болды. Осыған ұқсас қасиеттер бұған дейін шағын саңырауқұлақ топтарында және зоопланктонда байқалған болатын. Алайда ғалымдар бұл жаңалықты әзірше өнеркәсіптік қалдықтарды жаппай қайта өңдеуге бағыттай алмай отыр.

Зерттеу нәтижелері  Science журналында жарияланған. Онда ғалымдар Ideonella sakaiensis 201-F6 бактериясының пайда болуы ғаламшарымызда пластик көлемінің ұлғаюымен тікелей байланысты екенін жазады. ПЭТ-ті ыдырататын ферменттерді Ideonella бактериялар тобының салыстырмалы түрде жаңа генетикалық модификациясы бөле алады. Бұл өз кезегінде табиғаттың адамзаттың агрессиясына төтеп бере бастағанын көрсетеді.  

Сонымен қатар, Ideonella sakaiensis 201-F6 бактериясын өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу саласында оңай қолдануға болады. Өйткені бұл бактериялар тек «ашкөздігімен» ғана ерекшеленбейді, олар сондай-ақ кез келген қоршаған ортаға тез бейімделеді. Яғни аталмыш бактериялардың колониясын полиэтилентерефталаттан жасалған өнімдердің ортасына салсаңыз, олар оны белгілі бір уақыттан соң экологиялық таза компоненттерге ыдыратады. 


Дәурен Омаров

Бөлісу: