Пікірсайыстың ІІІ кезеңінде партия өкілдері өткір сұрақтар қойды

1 Наурыз 2023, 22:09 1234

Пікірсайыстың үшінші кезеңінде әр партия өкілдері өзіне берілген екі минуттық уақыт бойынша сайлауалды бағдарламаларының негізгі бағыттарына тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Алдымен сөз кезегін «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев бастады.

«Біріншіден, біз баршаға тең қоғамды жасаймыз. Заңның үстемдігін орнатамыз. «Amanat» ең ірі партия ретінде болашақ үшін жауап беруге дайын. Адал еңбек пен маңдай тердің бағалануын қадағалаймыз. Елдің арасында ешкімнің ұлтына, жынысына, оның әлеуметтік нәсіліне байланысты жіктеу болмайтынына сөз береміз. Бұдан былай рушылдық пен жершілдікке жол берілмейді. Екіншіден, біз ауылды түлетеміз. Жалған ұрандармен емес, нақты ауыл тұрғындарына несие, субсидия беруге дайындалып отырмыз. Тауарларымыздың 100 пайызын ауылдан шығаратын боламыз. Біз ауылдағы агроөнеркәсіптерге 100 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Ауылға баратын әрбір жас маманға 10 миллион теңгеге дейін үстеме беруді ойлап отырмыз. Сонымен қатар 5 миллион гектар жерді халықтың игілігіне қайтаратын боламыз. Үшіншіден, ортақ құндылықтары біріккен берекелі қоғам құрамыз. Бұл әділетті Қазақстанда ашық, әділдік және тең қоғам үстем ететін басты құндылықтар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан халық үніне құлақ асатын концепциясын жүзеге асырып отырмыз», - деді ол.

Одан кейін «Ауыл» партиясының төрағасы Мәжілісте жеңіске жеткен жағдайда партия бірінші кезекте көтеретін негізгі үш мәселені атады.

«Бірінші - ауылдың инфрақұрылымын жақсарту. Ең алдымен ауылға жол салып, су шығару керек. Айта берсең мәселе көп: газ, мәдени ошақ, интернет мәселелерін барлығын шешіп, жастарды ауылға қайтарудың амалын қарастырамыз. Екінші – азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң қабылдауға бастамашыл топ құрамыз. Ауылшаруашылығында тұрақтылық жоқ. Сондықтан ауылға аса көңіл бөлу керек», - деді Жигули Дайрабаев.

Келесі кезекте, Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков берілген екі минуттық регламентінде жұмысшылардың құқығын қорғайтын жаңа еңбек кодексін қабылдау қажеттігін айтты.

«Халықаралық еңбек ұйымының төменгі жалақы туралы 131-ші конвенсиясын бекіту. Сонда ғана барлық қазақстандықтардың жалақысы көбейеді. Ең төменгі жалақы деңгейін 140 мың теңгеге жеткізу. Ауыр, зиянды және қауіпті өндірісте еңбек ететін жұмысшыларды 50-55 жаста зейнетке шығаруды талап етіп отырмыз. Медицина, білім тегін болуы тиіс. Әр балаға берілетін жәрдемақы 70 мыңға дейін көтерілу керек. Әр азаматқа ауылдан және қаладан жер телімін беруді талап етеміз», – деді ол.

Бұдан соң, «Respublica» партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау сайлауалды теледебаттағы сөзінде білімді жастарды, білікті маманды және еңбекқор адамды қолдау керектігін айтты.

«Біз білімді жастарды қолдаймыз. Білімді жастар дегеніміз кім? Білімді жастар дегеніміз, қазіргі кездегі ауылдағы және қаладағы бағдарлама екеуі екі бөлек. Осы жерде 5 жылға арасы алшақтап кетті. Біз сол 5 жылды теңестіруіміз керек. Ол үшін ауылдағы мұғалімдердің жағдайын жасауымыз қажет. Оны қалай жасаймыз десек, тұрғын үй жинақ банкісі ауылдарда үй салуы керек. Ауылдың мұғалімдері басқа нәрсеге алаңдамауы керек. Сондай-ақ, Алматы қаласында 216 мың студент бар. Алматы қаласы қазіргі кезде оқу ордасы болмай тұр. Студенттерімізді басқа үлкен қалаларда оқытуымыз керек. Бұл біздің ұсынысымыз. Семей, Абай облысы, Петропавлға, Павлодарға және басқа да қалаларға университеттер ашу. Алматы қаласының үлкен мәселелерін шешуіміз керек. Сондықтан біз білімді жастарды бірінші орынға қоймасақ. Еліміздің ертені бұлыңғыр болады», - деді Сырымбек Тау.

Екіншіден – білікті мамандар. Қазіргі кезде білікті мамандар жетіспейді. Менің достарымның өзі білікті маман бола тұра жалақысын ала алмай, шетелде қара жұмыс істеп жүр. Білікті мамандар деген кімдер? Өз саласының үздіктері. Доктор, профессор, магистратураны сатып алғанды тоқтатуымыз керек. Бұл біздің ұрпағымыздың болашағын жойып жатыр. Үшіншісі – еңбекқор адам. Еңбекқор адамдар деген өз жұмысын істей тұра дұрыс жалақысын ала алмайды. Осындай адамдардың жалақысын беруіміз керек, деді Сырымбек Тау.

«Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев Қазақстан отыз жылда экологиялық ғылымды жойып жіберді. Сондықтан да біздің экологиямыз өте нашар дейді ол.

«Ең бірінші орында қоршаған ортаны ластаған кәсіпорындар мен шенеуніктерді жауапкершілікке алу. Ол үшін біздің экологиялық кодексті қайта қарастыру керек. Қоршаған орта бұзылса, адам денсаулығы құртылады. Әлеуметтік теңсіздікті қайта қарастырып, әлсіз халықты қолдау керек», - деп өз партиясының көтеретін мәселелерін айқындады.

Сөз соңында Азаматхан «Ауыл» партиясының төрағасына арнайы дайындаған сыйлығын табыстады. Дегенмен бұл қылығы Жигули Дайрабаевқа ұнамаған тәрізді.

«Ақ жол» партиясы Үкіметті жеңіске жеткен партия құрауы керек екенін айтты.

«Біз «Ақ жол» партиясы өз тәжірибемізге сүйене отырып айтарымыз: Парламенттің мемлекеттік бюджетті бақылауды күшейту керек. Елдегі бюджет қаржысының қомақты бөлігі Парламенттің қатысуынсыз кетеді. Ықпалды Парламент дегенді іске асыру үшін бюджет Парламентке есепті болуы керек. Жеңіске жеткен партия Үкіметті құрау керек»,- деді ҚХП төрағасы Асхат Асылбеков.

Үшінші кезеңді Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаев қорытындылады.

«Біз Парламенттің деңгейін көтеруіміз керек. Қомақты, салмақты, елге қажет ең ауыр мәселелерді алға тартып, шешімін ұсынамыз. Кезек күттірмейтін мәселелердің бірі қазақстандықтардың өмір сапасын, стандарттарын енгізу. Барлығы дәрі-дәрмекпен, азық-түлікпен толық қамтамасыз етілуі керек. Екіншісі мәселе – олигархиялық жүйеден арылуымыз тиіс. Қазақстанда байлықтың барлығы бар, бірақ халқы кем тұрады. Өйткені бізде бақылау жоқ. Шетелге кетіп жатқан байлықты қайтару қажет», - деді ол.

EL.KZ
Бөлісу: