Пифагор даналығы немесе интернетте «иттер» қайдан жүр?..

30 Маусым 2014, 12:52

Аргентин Хорхе Луис Борхесте әйгiлi Пифагор өмiрiнен алынған мынандай бiр қызықты дерек бар.

Аргентин Хорхе Луис Борхесте әйгiлi Пифагор өмiрiнен алынған мынандай бiр қызықты дерек бар. Жазушының айтуынша, дана Пифагор бiрде-бiр еңбегiн қағаз бетiне түсiруге тырыспапты. Бiлген-түйгенiн шәкiрттерiне тек ауызша ғана жеткiзiп отырған. Шәкiрттерiнiң:

– Ұстаз, сiздiң парасат-пайымыңыз ашқан жаңалықтар қағаз бетiне түсiп, кiтапқа айналғанда ғана ғасырлардан ғасырларға сақталады ғой,– деген кеңес сипатындағы ұсыныстарына ғұлама:

– Егер қағаз бетiне түссе, ол ғылым-бiлiмдi әлiппенi бiлетiн кез келген адам оқи алмақ. Ал, олардың арасында бұл қазынаны өзiнiң қарақан басының пайдасына немесе қарау пиғылдарына пайдалануы ықтимал адам деген атқа лайық еместерi де болуы мүмкiн ғой. Мен еңбегiмдi кiтапқа айналдырып түптетуге сондайлардан қорқамын. Iлiм мен бiлiм тек iзгi ниеттiлердiң ғана құзырында болуға тиiс. Бiлгенiмдi сендерге тек ауызша айтуымның сыры да осында. Себебi, мен сендердiң, шәкiрттерiмнiң қандай адам екенiн жақсы бiлемiн ғой. Жандүниесi таза сендерге аманаттап табыстаған жиған-тергенiме орта жолдан өзiм бiлмейтiн қайсыбiр аярлар мен арамзалардың ортақтасуына, оны былғауына тiптен де құлқым жоқ, – деп жауап берген екен.

Бiздiңше, Пифагор айтты дейтiн осы ғибраттың бiздiң бүгiнгi «көзi ашық, әлiппенiң бар әрпiн бiлетiн» қайсыбiр қазақ «ағайынға» да қатысы бар. Әсiресе, интернет деген ұлы жетiстiктiң тiлiн бiлетiн «сауатты», «сұңғыла бауырларға». Өйткенi, интернеттiң қайсыбiр қазақ тiлiндегi сайтын ашып қалып, ондағы қазақ баласы өзiнiң бауыры туралы бiлдiрген күлдiбадам пiкiрсымақтарға көз жүгiртсеңiз, қазақтың «бiлiмдiлiгiне» бас шайқап, түк кiнәсi жоқ бiлiм байғұстың осы бiр «қарау пиғылдардың» қорқау ниетiне қызмет жасап жатқанын аңғарар едiңiз. Аты-жөнi белгiсiз аноним бiреулер тағы бiреулердiң үстiне аямай қара май жағып, күстаналап жатқаны. Қара есекке терiс мiнгiзгiсi келiп, алаөкпе болып тыраштанатындары-ай...

... Жағаңды ұстайсың. Жағаңды ұстайсың да, осы бiздiң қазақ рухани кембағал емес пе екен деген ойға қаласың. Әйт­песе, интернеттiң тiлiн бiлуге дейiн ми клеткаларының қабiлетi жеткен қазекең мұншалық төмендемес едi ғой дейсiң.

Иә, қайсыбiр қазақтың сөйлем құрай алар «сауаты» барлығы қазаққа сор болып тұр. Абай жиiркенiп, Пушкин лағнет айтатын «сауаттылық» (Пушкиннiң түбiне де аноним хаттар жеткен-дi). Бүркенiп алып, жүзiн көрсетпей тас ататын қорқау «сауаттылық». Егер бiздiң арамызда тiрi Пушкин жүрсе, отыз жетi жасына жеткiзбей-ақ желкесiн үзетiн, Мағжан аман болса тiрiдей көрге көмуден тартынбайтын аноним «сауаттылық»...

Қайран Пифагор қартым-ау, екi жарым мың жылдай уақыттан соң сенiң даналығыңа тағы бiр қазақ баласы таң қалуда. Таң қалмасқа не шара? Өйткенi, адам парасатының ұшар шыңы iспеттес интернет деп аталатын Жер шарын тұтас қаусырып алған алып организмнiң денесiне иесi жоқ «иттердiң» де үйшiк сап, «биттердiң» де сiркелей­тiнiн, «сауатты», «бiлiктi» әңгiме қозғауға тырысатындығын сен сол кезде-ақ түйсiнген екенсiң-ау.

Солай, ақынның сөзiн өңiн сәл өзгертiп айтар болсақ, интернетте «қазақты қазақ өлтiру ойыны» жүрiп жатыр. Бұл «ойын» ендi қазақты қазақ түгел тауысып бiтпей, тоқтамайтын секiлдi. Қорқыныштысы да осы...

Бөлісу: