«Pfizer екпесінің сынақтарына қатысқан жүкті әйелдер баласын туа алмады»

3 Маусым 2022, 10:23 40918

Ғаламтор беттерінде Pfizer-BioNTech өндірген вакцинаның клиникалық сынақтарына қатысқан 270 жүкті әйелдің біреуі ғана дені сау бала туғаны туралы ақпарат тараған еді. Қалғандары түсік тастаған. Бұл жалған,- деп хабарлайды El.kz ақпарат порталы stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.

Аталмыш ақпарат осы жылдың қаңтар айында желінің ағылшын тілді сегментінде жарияланған екен. Ағылшын тілінде жарық көрген мақалада 270 қатысушының 238-і белгісіз себептермен сынақтан шығып кеткені айтылған. Қалған 32-нің біреуі ғана сау баланы дүниеге әкелген деп жазылыпты.

Бұл мәліметтерді автор Pfizer-BioNTech-тің «5.3.6 2021 жылғы 28 ақпанға дейін алынған PF-07302048 (bnt162b2) жағымсыз құбылыстар туралы тіркеуден кейінгі хабарламаларға жиынтық талдау» құжатынан алғаны жазылады.

Reuters порталының фактчекерлері Техас университетінің оңтүстік-батыс медициналық орталығындағы Ана мен бала медицинасы кафедрасының доценті Эмили Адхикаримен сқхбаттасқан. Ол Pfizer-BioNTech-тің түпнұсқа құжатымен танысып, 238 қатысушының сынақтан шықпағанын, әлі де бала көтеріп жүргенін, сондықтан клиникалық сынақтар кезінде жүктіліктің нәтижесі туралы айта алмағандарын түсіндірген.

Жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарды COVID-19 қарсы вакцинациялауды бастамас бұрын препараттар толық клиникалық және клиникаға дейінгі зерттеулерден өткені айтылады. «Бүгінгі таңда бұл процедура қауіпсіз және мерзімінен бұрын босану немесе ұрықтың дамымай қалу қаупін арттырмайды деп айтуға ғылыми негіз жеткілікті.

Демек, Pfizer вакцинасының клиникалық зерттеулерінің барлық қатысушылары түсік тастады деген ақпарат – фейк және манипуляция»,- деп жазады stopfake.kz.

Бөлісу: