Петропавлдың тәртіп сақшылары жеті тілде сөйлейді

30 Қыркүйек 2018, 12:22 2516

 

Петропавл қалалық ішкі істер басқармасында Қазақстан Халықтарының тілдер  фестивалі  аясында Тілдер мерекесі өтті.

Оған осы құрылымда қызмет ететін әр түрлі ұлттардың өкілдері қатысты.

Бұл шара қалалық ішкі істер басқармасында жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Осы жолғысында қызметкерлер кәріс, неміс, татар, қазақ, өзбек және армян ұлттарының киімдерін, тағамдары мен  салт дәсүрлерін көрсетті. Көбі үйлену  тойлары мен бала тууға қатысты салттар болды.

Мысалы, неміс ұлты қызға сөз салғанда жүзікті арнайы пісірілген нанның ішіне тығады екен. Ал өзбек халқында жас жұбайлар айнаға бірге тұрып қараса бақытты болады деген ырым бар.

Жиналған жұрт сондай ақ ұлттық тағамдардан да дәм татты. Өзбек палауы, қазақтың женті мен құрты, бауырсағы, немістердің тәтті тоқаштары кімді де бей жай қалдырмады.  Шара соңында  жеті тілде ән шырқалып, ұлттық билерден де үзінділер көрсетілді.

Бөлісу: