Петропавлдағы ауыл шаруашылығы техникасының өндіріс көлемі артты – сарапшы

23 Мамыр, 17:56 1186

Машина жасау әлемдік өндірістегі басты сала саналады. Оның дамуы ел дамуының деңгейін анықтайды. Осы ретте Петропавлдағы Германия мен Қазақстанның бірлескен «Ст Эсембли» ЖШС кәсіпорынының бас директоры Сергей Жолик пікірі де оқырманға қызық болуы мүмкін, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ол заманауи ауыл шаруашылық техникасының локальді өндірісі қарқынды дамып келе жатқан еліміздің аграрлық қажеттіліктерін өтеуге септігін тигізеді деп отыр. Олардың бағасын қолжетімді етіп, жаһандық процестерге қарамастан техниканың жеткізілу жылдамдығын жеделдетеді деген сенімде.

Петропавлда өндірілген техниканы сатып алған қазақстандық агрария кеден салықтарын, қосымша құн салығын төлемейді. Сапалы техника тиімді әрі қолжетімді болады. Сондай-ақ ол субсидиялаудың, жеңілдікті несие алудың әртүрлі бағдарламаларын пайдалана алады. Осының барлығы аграрлық сектор қарқындылығы мен ауылшаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға, осылайша әл-ауқатты жақсартуға септігін тигізеді,-деді Сергей Жолик.

Оның айтуынша, бұл Қазақстандағы кез келген өндірістік қызмет еліміз үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Осыдан кейін қосымша жұмыс орындары пайда болып, инфрақұрылым дамиды деп отыр.

Кәсіпорын өндірістік компетенцияны дамытып қана қоймай, өнімнің шығарылу көлемін арттырады.

Былтыр Петропавлдың  өндірістік алаңында ауыл шаруашылығы техникасының өндіріс көлемі 1,5 есе артқан болатын. «CT Assembly» ЖШС өнім шығарылымы өсімінің басты позициялары ретінде CLAAS TRION астық жинау комбайндары мен CLAAS XERION тракторлары ұсынылды. Алғашқыларының өндіріс көлемі 2023 жылы 40 пайызға өссе, тракторлардың өндіріс көлемі 50 пайыз жоғарылады,- дейді кәсіпорын басшысы.

Сарапшы серіктестік жергілікті локальді жеткізушілермен етене байланыста екенін алға тартты. Бүгінде CLAAS  машиналары Қазақстанда жасалған құрамдас бөлшектерден жасалады.

«Қазақстан агро инновациялық корпорациясы» ЖШС, «Агромашхолдинг KZ» АҚ, «Востокмашзавод» АҚ және «Reimann (Райманн)» ЖШС кәсіпорындарымен келісімшартқа қол қойылған. Локальді өндірісті қалыптастыру жабдықтарды сатып алып, қондыруды ғана емес, қызметкерлермен жұмыс, оларды үйрету мен өзге де аспектілерді қамтиды,-деді ол.

Кәсіпорын болашақта дуалды жүйені қолдана отырып, Германияда сәтті түрде жүзеге асырылып жатқан оқыту жүйесін қалыптастыруды көздеп отыр. Сондай-ақ, бас директор кәсіпорынмен бірге дамуға ынтасы зор талантты да талапты кадрларды іздестіретінін айтып өтті. Кәсіпорын машина жасау саласына мамандарды даярлаумен айналысатын қазақстандық оқу орнымен бірлесе отырып, оқу жоспары мен бағдарламасын әзірлеу жұмыстарымен белсенді түрде айналысуда.

Айта кету керек, «CT Assembly» ЖШС - Петропавл қаласында орналасқан CLAAS және HORSCH ауыл шаруашылық техникасын құрастырумен айналысатын қазақ-неміс бірлескен кәсіпорын.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: