Петропавлда өрт сөндірушілер 12 адамды құтқарып қалды

28 Қыркүйек 2023, 01:22 672

Петропавлда өрт сөндірушілер 12 адамды, соның ішінде 3 баланы тілсіз жаудан құтқарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

27 қыркүйекте сағат 14.00-де 101 телефонына Жуков көшесі, 3 үй мекенжайындағы 6 қабатты тұрғын үйдің соңғы қабатындағы пәтерінен өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Дереу келген петропавлдық өрт сөндірушілер баспалдақ тамбурында алдыңғы есіктің астынан қалың түтін шығып жатқанын байқады. Улы түтін пәтерлердегі, әсіресе жоғарғы қабаттардың тұрғындарын эвакуациялауға кедергі келтірді.

Өрт сөндірушілер 12 тұрғынды, оның ішінде 3 баланы баспалдақпен көшеге шығарды, сол мезетте газ-түтіннен қорғау буыны пәтерге кірген.  

Пәтердегі барлық бөлмелер түтінге толы болды, жатын бөлмесінде жеке заттар жанып жатты. Біз бөлмелердің бірінде бала бар екенін білдік, баланың өзі 101 қызмет диспетчері Жанерке Жиентаеваға бейнеқоңырау арқылы қай жерде екенін көрсетті. Оны сол жерден таптық, ол терезе алдында отырып, ашық терезе арқылы демалып отырған. Оны көтеріп, кіреберістен алып шығып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырдым. Жол бойы оны мүмкіндігінше тыныштандырдым. Осы кезде үйде күтіп отырған үш баламды есіме алдым, - дейді СҚО ТЖД Өрт сөндіру қызметінің №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі азаматтық қорғау аға сержанты Балқат Токин.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес электр сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан шыққан өрт сағат 14.34-те сөндірілді. Оның ауданы 5 шаршы метрді құрады.  Өрт сөндіруге жеке құрамнан 23 адам және 7 бірлік техника жұмылдырылды. Түпкілікті себептері мен шығындары анықталып жатыр.

Перизат Саденова
Бөлісу: