Петропавлда «Қазақстан этностарының Қазақстан халқының ортақ тарихи және мәдени мұрасына қосқан үлесі талқылануда

25 Қазан 2019, 10:56 2530

Петропавлда «Қазақстан этностары: еліміздің тарихи-мәдени дамуына қосқан үлестері» тақырыбындағы сұхбат алаңы өтуде.

Іс-шара «Қазақстан этностарының Қазақстан халқының ортақ тарихи және мәдени мұрасына қосқан үлесін зерттеу» жобасы аясында жүзеге асырылуда.

Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес, шараның басты мақсаты – мәдениет, білім беру және ғылым салаларында үлкен қызмет атқарып, еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан қазақстандық этностар өкілдерінің ортақ электронды мәліметтер базасын құру бойынша пікір алмасу және ұсыныстар әзірлеу.

Диалог алаңына Нұр-Султан, Петропавл, Қарағанда, Қостанай, Көкшетау қалаларының тарихшы, этнограф ғалымдар, этносаралық қатынастар саласының жетекші мамандары, сондай-ақ этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысуда.

«Мемлекет тарихы институты» ММ директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Амангельды Кашкимбаев «Мемлекет тарихы институтының Рухани жаңғыру жалпыұлттық жобасы аясындағы өзекті зерттеу тақырыптары» туралы баяндама жасайтын болса, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Алтын Уалтаева «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи картасын таныстырады, деп күтілуде.

Өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов Нұр-Сұлтан қалалық ҚХА-ның қызметіндегі тенденцияларға тоқталады.

ҚР Президенті Мұрағатының бас сарапшысы Евгения Чиликова «Қазақстанның көрнекті тұлғаларының өмірі мен шығармашылығын зерттеудегі мұрағаттардың рөлі», Қарағанды облысы мемлекеттік мұрағатының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жанагүл Тұрсынова «Қарағанды облысының мемлекеттік мұрағаты қорларындағы белгілі ғалымдар туралы құжаттар», Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сауле Маликова «Солтүстік Қазақстан облысының танымал жерлестері» тақырыптары бойынша баяндама жасайды.

Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қадыржан Абуев «Ақмола облысының тарихы мен мәдениетінің қайраткерлері» атты монографияның таныстырылымын өткізеді.

Мәдениеттанушы және өлкетанушы Нэля Шиврина еліміздегі тың игеру өлкесінде өмір сүрген мәдениет қайраткерлерінің қосқан үлесіне тоқталса, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры¸ филология ғылымдарының докторы Зинаида Табакова мәдениеттер сұхбатындағы этнопоэтика жөнінде баяндайды.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының доценті, PhD доктор Халил Маслов «Нұр-Сұлтан қаласының атақты тұлғалары», Қарағанды мемлекеттік медициналық университеті ректорының кеңесшісі, профессор Вилен Молотов-Лучанский «Қарағанды облысының танымал адамдары», А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Серікжан Исмаилов «Қостанай облысының даңқын шығарған қазақстандықтар», А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ардақ Қапышев «Ақмола облысының дамуына үлес қосқан қазақстандықтар» тақырыптары бойынша баяндама жасайтын болады.

Сонымен бірге, «Рухани жаңғыру» институтының бас аналитик-менеджері Рузия Камарова қазақстандық этностардың елдің дамуына қосқан үлесін айқындауға бағытталған зерттеу жобасының таныстырылымын өткізеді.

Сұхбат алаңында талқыланатын зерттеу жобасы Рухани жаңғыру мемлекеттік бағдарламасындағы «ұлттық сананың қарама-қайшы полюстерін үйлестіру» және қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру мақсаттарына бағытталған.

Бөлісу: