Петропавлда анасын балағаттаған ер адам жауапқа тартылды

Бүгiн, 18:08 442

Полицейлер анасын балағаттаған петропавлдық жанжалқойды 10 тәулікке қамаққа алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Петропавл қаласының 48 жастағы тұрғыны анасына балағат сөздер айтқаны үшін 10 тәулікке қамаққа алынды. Бұған дейін де осындай құқық бұзушылық жасаған. Оған қатысты қорғау ұйғарымы шығарылды. Оған 30 күн бойы анасына жақындап күш көрсетуге, балағат сөз айтуға және қауіп төндіретін қасақана заңсыз әрекеттер жасауға тыйым салды. Алайда ер адам бұл әрекетінен сабақ алмаған, бірнеше күннен кейін мас күйде анасымен жанжалдасқан. Осылайша ол қорғау ұйғарымын бұзды. Бұл үшін заңмен 10 тәулікке қамауға алу түріндегі баламасыз жаза көзделген.

Полицейлер балағат сөздер — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бір түрі екенін еске салады. Ол үйдегі жағдайдың шиеленісуіне алып келуі мүмкін. Ұрып-соғу сияқты оның да жолын кесу қажет. Қазіргі таңда отбасында жеке басқа қатысты қорлаудың кез-келген түріне жол берілмейді. Жыл басынан Петропавлда полицейлер қорғау ұйғарымын бұзған 89 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: