Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаменті антисанитариялық жағдайда қолдан жасалған алкогольдік өнімдерді өндіретін жасырын цех қызметінің жолын кесті, деп хабарлайды El.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Петропавл қаласының тұрғыны қала орталығындағы гараж кооперативтерінің бірінде суррогат өнімін жасап, халыққа өткізген.
«Тінту кезінде жалған есепке алу-бақылау таңбалары бар 8 мыңнан астам алкоголь өнімі және құрамында спирті бар сұйықтық құйылған 600-ге жуық бес литрлік пластик ыдыстар, сондай-ақ бос ыдыстар, қақпақтар, хош иістендіргіш концентрат пен суррогат толтыруға арналған арнайы құрылғы табылып, тәркіленді», - деп жазды агенттіктен.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.