Петропавл тұрғыны алаяқтарға 5,5 млн теңгесін берген

30 Маусым 2023, 14:15 737

Петропавл полицейлері алаяқтарға алданған зейнеткерге 5,5 млн теңгесін қайтарып берді. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі.

Алаяқтар негізінен бір схема бойынша жұмыс істейді. Яғни ата-аналарына хабарласып, олардың көлік жүргізетін балалары жол апатына себеп болғанын айтады екен. Мұндай жағдай Петропавл қаласының тұрғынымен де болған.

«Сіздің қызыңыз жол-көлік оқиғасының себепкері болды, оның кесірінен жүкті әйел өлім мен өмірдің арасында тұр» сынды сөздерді Петропавл қаласының 76 жастағы тұрғыны телефонға келіп түскен қоңыраудан естіді. Оған өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалды. Оның айтуынша, апаттан зардап шеккен әйелдің туыстары, егер оларға үлкен сомадағы ақша төленсе, өтініш жазбауға келіседі екен. Есеңгіреген зейнеткер келісіп, мекенжайға келген курьерге өзінің барлық жинап-түйгенін – 5,5 миллион теңге сомадағы ақшасын бере салған.

Оқи отырыңыз:

Осы уақытта оның қызы үйіне келген және дереу полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары курьерді тауып үлгерген. Полицейлердің айтуынша, ол Петропавлдағы алаяқтықтың тағы екі фактісіне қатысы болуы мүмкін. Бұл жолы ол бірден ұсталды, ұрланған ақша тәркіленді.

Аталған факт бойынша Петропавл қаласының 17 жастағы тұрғыны анықталды, кәмелетке толмағандығына байланысты ол ата-анасының кепілгерлігімен босатылды. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді, – деді СҚО ПД Петропавл қаласы ПБ бастығы Ербол Тайбеков.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: