Петропавл тұрғыны 13,1 тонна спиртті заңсыз сақтаған

23 Тамыз 2022, 04:00 1563

Жалпы жыл басынан бері Петропавлда заңсыз айналымнан 18 тоннадан астам лицензиясы жоқ спирттік өнім алынды.

Петропавлдағы қоймалардың бірінен бөшкелерге құйылған 13 тонна және 5 литрлік ыдыстарға құйылған 105 литр спирт тәркіленді. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды EL.KZ.

Департамент мәліметінше, Петропавлда рейд барысында полиция қызметкерлері Экономикалық тергеу департаментінің мамандарымен бірге үлкен мөлшерде спирт сақталған қойманы анықтады. Ғимаратта бір текше метрлік бөшкелерге құйылған 13 тонна және 5 литрлік ыдыстарға құйылған 105 литр спирт болған. Рұқсаты жоқ өнім толық тәркіленді. Материал әрі қарай шешім қабылдануы үшін экономикалық тергеу департаментіне жіберілді.

Жалпы жыл басынан бері Петропавлда заңсыз айналымнан 18 тоннадан астам лицензиясы жоқ спирттік өнім алынды.

Қылмыстың басым бөлігі алкогольдік мас күйде жасалады. Сондықтан алкоголь өнімі айналымына қатысты заңнаманы сақтау - полиция жұмысының бір бағыты. Учаскелік инспекторлар тұрақты түрде рейдтік іс-шара өткізеді, тұрғындардан келіп түскен қоңырауларды тексереді. Құрамында спирт бар өнімдерді акцизсіз өткізу фактілерінің жолын кесуге ерекше көңіл бөлінген. Өйткені оның сапасына ешкім кепілдік бермейді, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін, - дейді Петропавл қалалық ПБ ЖПҚ бөлімінің бастығы Рустам Садулов.

Петропавлдағы дүкендердің бірінде 21 жасқа толмаған тұрғынға алкоголь сату фактісі анықталды. Полицейлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 200-бабы 1-бөлігі бойынша материал жинады. Соттың шешімімен дүкен иесіне 122 мың 520 теңге мөлшерінде айыппұл салынды және спирттік ішімдіктерді сату лицензиясының күші 1 айға тоқтатылды.

21 жасқа толмағандарға спирттік ішімдік сатуға тыйым салынған. Айта кететін болсақ, жыл басынан облыс орталығында осындай 23 факті анықталды. Сонымен қатар, алкогольдік ішімдіктерді сағат 21:00-ден кейін сатуға рұқсат етілмейтінін еске саламыз. Алкогольді асыра пайдалану жанжалға, бұзақылыққа, дене жарақаттарын келтіру мен басқа да заң бұзушылыққа әкелетінін естен шығармаған жөн. Қаңтар айынан бастап қалада тиісті лицензиясыз спирттік ішімдік сатқаны үшін 55 адам жауапқа тартылды, - дейді Рустам Садулов.

EL.KZ
Бөлісу: