Пеленің өзгелерден ерекшелігі бар

4 Қараша 2022, 12:51 2611

Аңыз адам Пеле бразиялықтардың жігерін жанып, үмітін үкілеп, рухын асқақтатқан тұлға

Қатардағы Әлем чемпионаты жақындаған сай футбол жанкүйерлері сүйікті құрама командасын айқындап жатқаны анық. Біз футбол мерекесі қарсаңында аңыз ойыншылар туралы қызықты фактілер беруді жоспарлап отырмыз. Бірінші Пелеге тоқталмақпыз, деп хабарлайды El.kz.

Ойыншы ретінде үш рет әлем чемпионы атанған жалғыз футболшы – Пеле (1958, 1962 және 1970 жылғы чемпионатта).

Футбол тарихында Пеленің жөні бөлек. Аңыз адам Пеле бразиялықтардың жігерін жанып, үмітін үкілеп, рухын асқақтатқан тұлға. Жалпы Пеле туралы түсірілген фильмді көрсеңіз, тұтас ұлттың арман-тілегін танисыз.

1940 жылы Трес Коракоинс қаласында дүниеге келеді. Оның әкесі де футболды кәсіби ойнайды. Бірақ матчтағы оқыс оқиғаға байланысты үлкен спорттан кетіп, отбасын асырау үшін жергілікті ауруханаға тәртіп сақшысы болып жұмысқа орналасады. Ол Пелеге футболдың қарапайым дағдысын үйретіп, баулиды.

Мектеп жасында Пеле допты меңгеріп, бақылауында ұстауынан қатарластарынан көш ілгері болды. Аяқ киім тазалап, қаржы тапқан вундеркинд футболға аз уақыт бөледі.

Талапты бала жеті жасында жергілікті жасөспірімдер команда бапкерінің көзіне түсіп, командаға алынды.

Команданың негізгі құрамына ілігу оңай болмады. Ол мінез көрсетіп, өзін пайдалы ойыншы ретінде көрсете біледі. Команданы Вальдемар де Брито басқарған кезде Пеленің өмірі өзгеріп, 15 жасында «Сантос» клубымен келісімшартқа отырады.

Оның техникалық шеберлігі команданың негізгі шабуылшысына айналдырады. Пеле үшін сынақ Аргентинаның «Коринтианс» командасымен болған ойында болды. Ол ұрымтал сәтті жақсы пайдаланып, 2 гол соғып, өз командасы жеңіске жетуіне себепкер болды. Нәтижесінде 1956 жылы «Сантос» чемпиондық Кубогын жеңіп алды.

1958 жылы футболдан Әлем чемпионатын Швеция қабылдайды. Футбол бәсекесіне Аустрия, КСРО, Англия, Венгрия, Германия, Солтүстік Ирландия, Уэльс, Франция, Чехословакия, Шотландия, Швеция, Югославия, Мексика, Аргентина, Парагвай және Бразилия қатысады.

Фильмнің желісі бойынша Бразилияның бас бапкері Висенте Феоле 17 жастағы талант иесі Эдсон Арантис ду Насимннтуді құрамаға шақырады. Бапкер еуропалық ойын мәнерін командаға үйретіп, жаттықтырады...

Австрия, КСРО, Англиямен бір топқа түскен Бразилияны джинга стилін еркін меңгерген Насимннту алға сүйрейді. Ширек финалда Уэльс құрамасын 1:0, жартылай финалда Францияны 2:5 есебімен ұтады. Стокгольм қаласында өткен финалда Швецияны 2:5 есебімен жеңіп, алғаш рет жер жаһанға джинга стилінің кереметін көрсетеді. Финалда Насимннту екі рет көзге түседі. Швециялық жанкүйерлер бразилиялық вундеркиндке тұрып қошемет көрсетеді.

Сөйтіп, 1958 жылы Пеле Әлем чемпионатында жанкүйерлерін қуантады. Бразилиялықтар оны футболды басқа деңгейге көтерген ойыншы және елдің символы ретінде санайды.

Міне, осындай тарихты сыйдырған «Пеле» фильмі бразиялықтардың мақтаныш сезімін кернейді, өздерін өзгелерден мықты екенін сезінуде күш береді.

Пеле бастаған жігіттер 1962 жылы 1970 жылы қарсыластарынан үстем болды.

1977 жылдың 1 қазанында Нью-Йорктің «Гигант» стадионында «Сантос» және «Космос» командасы ойнады. Жанкүйерді бір сұрақ толғандырды, ол – Пеле қай командада ойнайды? Қызығы, аңыз футболшы бірінші таймда «Космос», екінші таймда «Сантос» сапында өнер көрсетті. Осы ойында 18 жыл ойнаған клубының қақпасына Пеле 1281-голын соқты. Сөйтіп, спорттық карьерасын аяқтады.

Сарапшылар Пеленің өзгелерден ерекшелейтін басты қасиет – перифериялық көру қабілетінде дейді. Оның тез шешім шығары білетін қасиеті, «гол соғу инстинкті» жоғары болғанын айтады.

Жалпы, Пеледен бөлек Әлем чемпионатын екі рет жеңген футболшылар бар. Олар туралы алдағы уақытта арнайы тоқталатын боламыз.

Нұрлат Байгенже
Бөлісу: