Педиатрия және акушерлік орталықтарға жаңа басшылар тағайындалды

25 Тамыз 2022, 12:52 1433

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті

«Ұлттық педиатрия және балалар хирургиясы орталығы» АҚ мен «Акушерлік, гинекология  және перинатология ұлттық орталығы» АҚ басқарма төрағасы лауазымдарына Абай Құсайынов пен Гүлфайруз Оразбаева тағайындалды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды El.kz

Мұндай шешім «С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КеАҚ Директорлар кеңесінің отырысында қабылданды.

Құсайынов Абай Зікірияұлы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін балалар хирургиясы мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын  осы оқу орнының балалар хирургиясы кафедрасының клиникалық ординаторы ретінде бастап,  кейін балалар хирургиясы кафедрасының ассистенті, доцент дәрежесіне дейін жоғарылаған. 

Денсаулық сақтау саласында тәжірибесі мол.  Ұзақ жылдар бойы, атап айтқанда 2010 жылдан 2022 жылдың тамыз айына дейін Алматы қаласындағы «Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы» ШЖҚ МКК бас дәрігері болды. 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі.

Жоғары санатты балалар хирургі, медицина ғылымдарының кандидаты (Ph.D), ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі. 2019 жылы «Құрмет» орденінің иегері атанды.

Ал Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы басшылығына тағайындалған Оразбаева Гүлфайруз Ғалымқызы  1995 жылы  С.Ж.Асфендияров атындағы  Алматы медицина институтын тәмамдаған.

Гүлфайруз Ғалымқызы Алматы қаласындағы № 2 перзентхананың акушер-гинекологы, бөлім меңгерушісінен бастап, Нұр-Сұлтан қаласындағы № 2 перинаталдық орталықтың бас дәрігеріне дейін еңбек жолының барлық сатысынан өткен.

2007 жылдан 2011 жылға дейін Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының  № 2 жүктілік патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарды.

Жоғары санатты акушер-гинеколог дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары біліктілік санатындағы денсаулық сақтау ұйымдастырушысы, «Денсаулық сақтау менеджменті» мамандығы бойынша МВА магистрі (2019ж), ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі.

Бөлісу: