«Педагогикалық вернисаж» көрмесі

4 Маусым 2015, 10:07

Астана қаласында «Педагогикалық вернисаж» атты көрме ашылды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде қолөнер туындыларының көрмесі өтуде. Бас шаһарға Шымкент қаласынан келген Балалар көркемсурет мектебінің педагогтары ұлттық өнерге негізделген  қолөнер туындыларын жұрт назарына ұсынды. ЮНЕСКО клубымен бірлесе өткізген шара «Балалық шақтан көзқарас» жобасының аясында ұйымдастырылған.

«Педагогикалық вернисаж» деп атауы айтып тұрғандай, көрмеде ЮНЕСКО клубы - балалар көркемсурет мектебі, Шымкент қаласы жалпы білім беру мектептерінің және қосымша білім беру ұйымдары педагогтарының туындылары мен тәрбиеленушілерінің  жұмыстары көрсетілді.

 

Күлайша Ақтаева, мұражай директорының орынбасары

–Бүгін біз дәстүрге айналған балалар шығармашылығын ұйымдастырудамыз, мұны әрдайым балаларды қорғау күні қарсаңында немесе оны атап өту кездерінде өткіземіз. Балалар шығармашылығын әр қырынан көрсеткіміз келеді. Балаларды қорғау деген түсініктің өзі олардың шығармашылыққа, өз сезімдерін, эмоцияларын білдіру еркіндігіне құқықтарын қорғауды, ең бастысы, қалыптасып келе жатқан тұлға ретінде қоршаған ортаны дербес сезіну құқығын қорғауды қамтиды.

Нағыз кәсіби суретші немесе қолөнер шеберлерінің өнер туындылары болмаса да, көрмеге ұсынылған әрбір шығармашылық жұмыс өзіндік ерекшелігімен көз тартады. Жиналған қауым назарына киіз бұйымдары, ши және тоқыма өнері сондай-ақ энкаустика яғни жаңа технологияларды қолдану арқылы жасалған өнер туындылары ұсынылыпты.

Тойаш Оразова, Балалар көркемсурет мектебінің директоры

Шымкент қаласы көркемсурет мектебінің іргетасы 1967 жылы қаланған. Жарты ғасырға жуық тарихы бар мектеп көптеген жас таланттардың жолын ашты. Бүгінгі көрмеге тек қана педагог мамандар мен оқушылардың еңбектері ұсынылды. Мақсат – ұмыт қалып бара жатқан ата-бабалармыздың өнерін жаңғырту, барынша дәріптеу, жалғастыру, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Әуелі біз Шымкент қаласында «Ата-баба мұрасын сақтаймыз» атты байқау ұйымдастырдық. Сол байқауға қатысқан ең үздік жұмыстар бүгінгі көрмеге қойылды. Көрмені балалардың құқығын қорғау күні мен ЮНЕСКО-ның 70 жылдығына арнап өткізудеміз. Еліміздің жүрегі іспеттес Астана қаласы әлі де даму үстіндегі жастардың  қаласы болғандықтан, өнерімізді ортаға салып, жетістіктерімізді бөліскіміз келді. Қазақ халқы өнерге, тек өзіне ғана тән асыл мұраларға бай халық. Қазақ өнері – сарқылмас қазына. Тек ою-өрнектерімізде қаншама мән-мағына, түсінік, ұлттық ерекшеліктеріміз жатыр. Сол байлығымыздан айырылып қалмасақ деген мақсат бар. Егемендігіміздің төл өнерімізге тигізген оң әсері көп болды. Бұрындары ұмыт қалған өнерлеріміз жаңғырып, қарқынды дами бастады. Педагогтарға жағдай жасалып, қолөнердің түрлі саласын дамытуға мүмкіндік берілді.

Көрме аясында  шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, Астана қаласы мектептерінің оқушылары шымкенттік ұстаздардан қолөнердің қыр-сырын үйренді. Шеберлік сыныптары үш бағыт бойынша атап айтқанда, сәндік-қолданбалы өнердің композициялық әдістемесі, киіз-тігу әдістемесі сондай-ақ «энкаустика» әдістемесі бойынша өтті.

Энкаустика – жаңа технологияларды пайдалану арқылы үтікпен сурет салу. Энкаустика – грек тілінен аударғанда «күйдіру және еріту» деген мағынаны білдіреді. Ол майлы бояумен сурет салудан бұрын пайда болған. Ежелгі гректер мен римдіктер кескіндеме өнеріндегі ыстық балауызбен сурет салу әдісі ретінде қолданған.

(Энкаустика әдісімен салынған суреттер)

Көрмеде киізден жасалған киімдерге еріксіз назар аудардық. Қуатова Ақсәуле киізден тігілген бірқатар еңбектерін таныстырып, киіздің пайдасын айтып берді.  Ұстаз соңғы кездері киізден жасалған сырғалар, алқалар, білезіктер кең таралып, трендке айналғанын тілге тиек етті.

 Қуатова Ақсәуле, технология пәнінің мұғалімі

Киіз өндірісі – белгілі бір шеберлікті қажет ететін күрделі үдеріс. Шыны керек елімізде жүн өңдейтін цехтардың болмауына байланысты, Ресей мен Қырғызстаннан сатып алуға мәжбүрміз. Жүннен киіз басып, одан түрлі өнім жасау мені қатты қызықтырады. Киіздің сапасына мән беремін. Киізден жасалған киімнің адам денсаулығы үшін пайдасы – экологиялық таза әрі ауа өткізгіштігінде. Киізден киім өндіру қазақ тарихында бұрындары да болған өнер. Біздің мақсатымыз киізден бүгінгі заманға сәндік киімдердің дизайнымен үйлестіріп тігу. Мәселен, күз бен көктем мезгіліне лайықталып пальто ретінде тігілген мына киім әрі өте жылы, әрі замануи үлгіде жасалып отыр. Болашақта терімен араластырып, сырт киім тігу арманымызда бар.

Көрмеге 100-ден аса қолөнер туындылары қойылған. Қала тұрғындары мен меймандары үшін маусымның 6-на дейін тамашалауға мүмкіндіктері бар.

Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

Бөлісу: