10 Наурыз 2015, 10:54
Әлемнің дамыған елдері автокөлік санының күрт артуына байланысты, ескі шиналарды кәдеге жарату мәселесіне экологиялық және экономикалық тұрғыдан ерекше мән беруде. Оның бірнеше себептері бар:
Қазақстан Республикасы бойынша бұндай зауыт 2014 жылы Қызылорда қаласында ашылған болатын. Ал, 2015 жылы ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен, Қазақстан даму банкі пайдаланудан шыққан автомобиль шиналарын кәдеге жарататын «Kazakhstan Rubber Recycling» ЖШС зауытының іске қосылуына қаржылық көмек көрсетті. Астана қаласында орналасқан бұл зауытта неміс технологиясы бойынша 32 мың тоннаға дейін өнім өңдеуге болады.
Ермек Әбдиев, «Kazakhstan Rubber Recycling» ЖШС зауытының директоры:
— Автокөлік шиналарының қалдықтары деген не? Автокөлік шиналарының қалдықтары «қауіпті қатты қалдық» категориясына жатады. Оның молекулярлық ыдырау процесі жүз елу жылдай, яғни бір шинаның залалсыздану уақыты бірнеше ұрпақтың ғұмырына тең. Бұл ретте Қазақстан Республикасы халықаралық тәжірибеге сай заңнама қабылдады. Аталмыш заңға сәйкес пайдаланудан шыққан автокөлік шиналары міндетті түрді кәдеге жаратылу керек. Дүниежүзі бойынша қалдықтарды қайта өңдеу мәселесінің маңызы жылдан жылға артып отыр. Оның басты себебі – ескі шиналардың көбеюі және оларды экологияға зиян келтірмей жою мәселесі. Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында жыл сайын 300 мыңнан астам автокөлік шиналарының қалдықтары пайда болады. Осы ретте Елбасымыз жасыл экономикаға көшу концепциясының аясында 2030 жылға дейін қалдықты кәдеге жарату көлемін ең кемінде 30 пайызға жеткізуді тапсырған болатын. Біздің зауыт пайдаланудан шыққан автокөлік шиналарын кәдеге жаратумен айналысады. Негізі 2008-2010 жылдар аралығында жүзеге асырылу қажет болатын. Алайда, экология туралы заңнаманың толық жетілмеуінен шикізатты қажетті көлемде жинауға мүмкіндік болмай, зауыт өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Өндіріс сол кезде өзін өзі ақтамады. Қазіргі уақытта қалдықтардың міндетті жойылуын көздейтін бірқатар заңдар қабылданды. Осылайша, зауыттың қайта іске қосылуына мүмкіндіктер ашылды.
Даурен Ибрашев, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ-ның Басқарма төрағасының орынбасары:
— Кезінде Қазақстанның даму банкі өз қаражатына осы өнідірсті іске қосқан болатын. Алайда, экологиялық заңнаманың жетілмегендігі зауыттың шикізатпен толық қамтылуына мүмкіндік бермеді. Бүгінгі таңда «Байтерек» басқарушы холдингінің бастамасымен өндірісті қайта құру процесі қолға алынды. Қайта құру туралы халықаралық келісім сотпен бекітілді. Сөйтіп, экологиялық кодекске енгізілген өзгерістерден кейін, зауытты шикізатен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Бұл зауыттың ерекшелігі бұнда германиялық жабдықтар орнатылған. Өзіңіз білетіндей доңғалақ тысында ұсақ-түйек металл, түрлі қоқыстар көп. Германиялық жабдықтар сапалы, тазалығы жоғары резеңке ұнтақтарын береді.
Автокөлік санының қарыштап өсуі көлік шиналарының экологиялық таза, экономикалық тиімді жолмен өңдеу мәселесінің өзектілігін арттырады. Осы бағытта қолға алынған жоба игі нәтижесін береді деген үміттеміз.
Материалды әзірлеген - Қаламқас НҰРМАҚОВА