Павлодарлық полицейлер 10 келіден астам есірткі тәркіледі

15 Қыркүйек 2022, 12:44 890

Павлодар облысының аумағында “Дәрмек” жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді

Павлодарлық полицейлер 10 келіден астам түрлі есірткі және 20 тонна түрлі прекурсорлар тәркіледі, деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

– Полиция қызметкерлері есірткінің заңды айналымы саласындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесті, дәріханаларды, дәріхана қоймаларын, емдеу-профилактикалық мекемелерді және есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметті жүзеге асыратын өнеркәсіптік объектілерді тексерді, – деп хабарлайды Павлодар облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Сәния Ахметжанова. 

Нәтижесінде есірткі құралдарының айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайларды пайдаланудың техникалық нығайтылуы мен қағидаларының бұзылуы, есірткі құралдарын өткізудің 2 фактісі және есірткі құралдарының контрабандасы анықталды. Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 297 және 286-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 

– Айналымнан 10 келіден астам түрлі есірткі құралдары және 20 тоннадан астам түрлі прекурсорлар алынды. Барлық фактілер бойынша материалдар анықталған бұзушылықтарды қарау үшін Павлодар облысы бойынша Фармация комитетінің департаментіне жолданды, – деп атап өтті тәртіп сақшысы. 

Сонымен қатар, дәрігерлердің рецептісіз дәрі-дәрмектерді сатудың 5 фактісі анықталды, оларға қатысты ҚР ӘҚБК 426-бабы бойынша әкімшілік материалдар құрастырылды.

Бөлісу: