Павлодар қаласының прокуратурасы қалалық балабақшалардың азық-түлік өнімдерін жоғары бағамен сатып алу фактілерінің жолын кесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Прокуратура мәліметінше, №23 бөбекжай мемлекеттік сатып алу порталында 18 000 литр сүт 50 620 500 теңгеге, яғни литрі 2 812 теңгеден сатып алу туралы хабарландыру жарияланған.
Ал осыған ұқсас сүттің нарықтағы орташа бағасы (майлылығы – 2,5%) литріне 345 теңгені құрайды.
№23 бөбекжай-бақшаның литрі 2 812 теңгеге сүт сатып алуы 44 410 500 теңге көлемінде бюджет қаржысын артық және негізсіз жұмсауға себеп болып отыр, - делінген мәліметте.
Сонымен қатар тағы бір бөбекжайда картоптың келісін 1340 теңгеге алмақ болған.
№102 бөбекжай жалпы сомасы 19 455 783,6 теңгеге немесе 1340 теңге/кг-ға салмағы 14 520 кг картоп сатып алмақ болған. Ал қала дүкендерінде картоп 120 теңге/кг (әлеуметтік Баға) және жеке меншік дүкендерде 380 теңге/кг бағаға сатылады, - деп қосты облыстық прокуратура.