Жауапкерден жәбірленушінің емделуіне жұмсалған шығын мен моральдік зиян өндірілді. Бұл туралы @Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты П.-ға қатысты денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру фактісі бойынша қылмыстық істі қарады.
Оқиға биылғы шілде айында Қамзин көшесіндегі үйде болды. П. мас күйде бұрынғы танысы Я.-мен жанжалдасқан. Ол оның кеуде тұсынан пышақпен қасақана соққы жасап, оқиға орнынан бой тасалады. Осылайша Я.-ның денсаулығына ауыр зиян келтірген, – делінген соттың баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Прокурор мен жәбірленуші П.-ға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды, ал жәбірленуші Я. оның пайдасына моральдік зиянды өндіруді сұрады.
Жауапкер өз кінәсін толық мойындады. Оның кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, бейне жазбалармен және сотта зерттелген басқа да дәлелдемелермен дәлелденді.
Сот П.-ның бұрын сотталғанын және масаң күйінде қылмыс жасағанын, сондай-ақ кінәсін мойындауын, істеген ісіне өкінуін ескере отырып, қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеумен 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
П.-дан жәбірленушінің емделуіне жұмсалған 102 243 теңге материалдық шығын мемлекетке өндірілді. Ал соңғысының пайдасына П.-дан 2 000 000 теңге моральдық зиян өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.