Торайғыров университетінде ғалымның еңбектеріндегі Олжабай батыр туралы материалдар енгізілген кітап таныстырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Белгілі әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы, Ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, этнограф, әдбиеттанушы, халық ауыз әдебиетін зерттеуші, академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның «Олжабай батыр» кітабы жарық көрді.
Жиынға ғалымның қызы, Марғұлан атындағы халықаралық қордың вице-президенті Данель Марғұлан, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, ҚР Сенатының депутаты, профессор Алтынбек Нухұлы, өңірдегі жоғарғы оқу орындарының басшылары, белгілі ғалымдар мен ақын-жазушылар қатысты.
Кітапқа Әлкей Марғұланның Олжабай батыр туралы зерттеулері мен мақалалары жинақталған. Аталмыш кітаптың ерекшелігі – ғалымның отбасылық және жеке қорында сақталған бірегей еңбектері енгізілген.
«Академик Әлкей Марғұланның бойындағы тектілік арғы атасы Олжабай батырдан бері үзілмей жалғасқанына тарих куә. Өңіріміздің мақтанышы біртуар ғалымның еңбегі оқырманның олжасына айналып, өскелең ұрпаққа мол қазына, келешекке азық болары анық. Бүгінгі әдеби іс-шара келер жылы өтетін Әлкей Марғұлан атамыздың 120 жылдық мерейтойына жол ашып тұр», - деді Айзада Құрманова.
Шараның құрметті қонағы Данель Марғұлан үйінде әкесінің Олжабай батыр туралы жазғандары бар қағаздар көп екенін атап өтті.
«Кішкентай қағаздар, үлкен дәптерлер, араб жазуымен жазылған да қағаздар көп. Жинап-жинап, не істеу керек деп ұзақ ойлап жүрдім. Олжабай батырдың ерлігін жас балаларға айту керек, насихаттау қажет. Сол арқылы жастардың ұлттық намысын көтеріп жүру керек», - деді Данель Марғұлан.
Аталған кітапты «Олжабай батыр» қоры шығарған. Ал, кітапты ғылыми зерттеп, бастан аяқ баспаға дайындаған жауапты редакторы – Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері, PhD докторанты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бағдат Дүйсенов.