Павлодарда этностар арасындағы келісімнің маңызыдылығын талқылауға арналған Қоғамдық келісім отырысы өтті

26 Қазан 2018, 05:08 1783

Павлодар облыстық ҚХА мүшелерінің бастамасымен облыстық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

«Казэнергокабель» АҚ жұмысшыларының кәсіби мерекесіне орай өнеркәсіп орталығында сонымен қатар үлкен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Бүгінгі таңда зауыт қажетті барлық инфрақұрылым базасымен жабдықталған және мұнда шығарылатын кабель өнімдерінің саны өндіріс пайдалануға берілген сәттен бастап (1999 ж.) 400-ден 7000-ға жетті. Қазіргі таңда зауытта 600-ден астам адам еңбек етеді, ал мекемедегі Қоғамдық келісім кеңесі 2018 жылғы қаңтар айында ашылды.

Аталмыш мекемеде жұмыс күні Павлодар облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің және облыстық этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен әсерлі концерттік бағдарламамен басталды.

Мерекелік бағдарламаға «Нұр-ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің әншісі Құралай Уақбаева, облыстық еврей этномәдени бірлестігінің «Анахну» вокалдық ұжымы, «Воля» казак әндерінің халық ансамбілі, «Анён» облыстық корей және «Даймохк» облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары атсалысты.

Сонымен қатар, мерекелік бағдарлама барысында «Казэнергокабель» АҚ-ның үздік жұмысшылары мен ардагерлері алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.  

Концерттік бағдарлама аяқталған соң мекеменің мәжіліс залында облыстық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Өз сөзінде облыстық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Идият Әбдіхалықов іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Отырыс барысында талқыланатын сұрақтар алдағы бірігіп атқарылатын жұмыстарға, жалпы өңірдегі этносаралық бірлікті сақтауға және дамытуға әсері мол болатынын атап өтті.

«Қазіргі таңда облысымызда осындай 140 кеңес құрылды. Оның біреуі облыстық болып табылады, қазіргі таңда оған түрлі этномәдени бірлестіктерінің 36 мүшесі енді. Екеуі – қалалық, 123 қоғамдық келісім кеңесі ауылдық елді мекендерде және өнеркәсіптерде құрылды. Бұл кеңестердің басты мақсаты – өңірлерде, кәсіпорындарда этносаралық және дінаралық бірлік пен тұрақтылықты сақтау болып табылады», - деді Идият Бекболатұлы.        

Іс-шараға басқа да ірі кәсіпорындардың Қоғамдық келісім кеңесі басшылары қатысты. Бұл осы бағытта жұмыс атқарып жүрген мамандардың тәжірибе алмасуына зор мүмкіндік берді.

Іс-шараны қорытындылай келе қатысушылар «Богатырь-Көмір» кәсіпорнының Қоғамдық келісім кеңесіне жоғары баға берді.

«Біздің кәсіпорнында 6341 адам жұмыс істейді. Олардың қатарында 41 этнос өкілдері бар. Біздің жұмысшылар тұтынушыларға жылына 35 млн. тонна көмір өңдіреді. Сонымен қатар, кәсіпорнымыздың әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруда  маңызы ерекше. Мысалы, қаламыздың және өңіріміздің түрлі әлеуметтік жобаларын қолдауға жылына 200 млн. Теңге жұмсалады», - деп айтты Ерболат Қайриденұлы.

Соныдай-ақ, «Богатырь-Көмір» кәсіпорын басшысының айтуынша «Богатырь-Көмір» ЖШС-де құрылған Қоғамдық келісім кеңесіне 8 адам мүше болып сайланған. Олардың қатарында инженерлер, кәсіподақ мүшелері, жастар және ардагерлер бар. Кеңес жұмысшылардың арасында пайда болатын еңбек, кәсіби-тұрмыстық даулардың алдын алуға зор мүмкіндіктер береді. Бір жыл ішінде Кеңеске 76 шағым түссе, олардың 71-і тез арада оңтайлы шешімін тапқанын алға тартты.

Бөлісу: