Павлодар қаласында есірткі қоюмен айналысқан шетел азаматтары ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Павлодар қаласының прокуратурасы бастамашылық еткен жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесі бойынша полиция қызметкерлері 1987 жылы туған Түркия азаматын ұстады, одан ақ түсті ұнтақ заты бар полиэтилен пакет тәркіленген көрінеді.
Ұсталған адамның телефонын тексеру барысында есірткі салған 2 орын анықталып, онда осыған ұқсас заттары бар 2 пакет алынып отыр.
Сонымен қатар тінту барысында ұсталған адамның үйінен есірткі салынған орауыш материал және «мефедрон» заты салынған пакет тәркіленді, бұл сараптамамен расталды.
Бұл дерек СДТБТ-да ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі 1,5-тармақтары (адамдар тобының алдын ала сөз байласу, ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы жасаған психотроптық заттардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау) бойынша тіркелген. Тергеу сотының санкциясымен азамат А. 2 айға қамауға алынды, - деп жазылған министрлік таратқан мәліметте.
Қазіргі уақытта бұл іс бойынша сыбайласы 1982 жылы туған РФ азаматы да ұсталды. Оған қатысты сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.