Павлодар қаласындағы Торайғыров университетінде қазақтың ұлы тұлғалары Талғат Бигелдинов пен Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына орай концерт өтті, деп хабарлайды El.kz.
Шараны «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық ұйымының өкілдері ұйымдастырды.
Ұйым атынан патриоттық тәрбиені дамытуға қосқан үлесі үшін бірнеше павлодарлық медальдермен марапатталды. Марапатқа ие болғандардың ішінде қоғамдық патриоттық бірлестік ұйымдар мен журналистер де бар.
«Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-майор Махмұт Телегусов өз сөзінде жиналғандарды мемлекеттік тұтастығы мен келісімді сақтау, жаңа мемлекетті құруға шақырды.
ToU ректоры Еркін Садықов өткен ғасырдың 40-шы жылдарының басында мыңдаған азамат Отан қорғау үшін майданға аттанғанын тілге тиек етті.
«Ұлы ата-бабаларымыздың арқасында біз еркін және гүлденген елде тұрамыз. Батырларымызға тағзым ету үшін біз бейбітшілікті сақтауымыз керек», - деді ректор.