Павлодарда белгілі журналист Мұхит Омаровтың 70 жылдық мерейтойы аталып өтті

15 Қараша 2018, 10:07 2200

Павлодардағы Достық үйінде ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Құрметті журналисі, экономика ғылымының кандидаты Мұхит Омаровтың 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті.

Жиында белгілі журналист, облыстық ҚХА жанындағы бас редакторлар және этножурналистер клубы төрағасының өмір жолы туралы бейне жазба көрсетіліп, атқарған қызметтері мен өңірге, қоғамдық өмірге қосқан үлестері жайлы сыр шертілді.

Сонымен қатар, бейнежазба арқылы Ресейдің Новосібір облысы журналистер одағының төрағасы, Қазақстанның құрметті журналисі Андрей Челканов пен Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Мағауия Сембаев жылы лебіздерін білдірсе, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісі Қайрат Лама Шарифтың құттықтау хаты оқылды.

«70-ке қалай келіп қалғанымды да байқамай қалдым. Уақыт зымырап өтуде. Күнделікті мақсат қойып, іспен шұғылданып жүрген адам уақыттың қалай өткенін байқамай қалады екен. Оның бәрі Алланың берген қуатының, отбасымның көрсеткен қолдауының арқасында. Осы уақыт аралығында біраз жұмыстар атқарылды. Оның бәрі өзімнің қолымнан жасалған деп айта алмаймын. Оның бәрі ағалардың, сол ортаның, бізге үлгі болған, осындай істерге мені құлшындырған адамдардың көмегімен атқарылды», деп атап өтті мерейтой иесі.

Шараға зиялы қауым, Ақтоғай ауданының, облыс әкімдігінің өкілдері, мерейтой иесінің әріптестері, журналистер қатысты.

Қоғам қайраткері, журналист, экономист-ғалым ретінде 1999 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қабылдауында болды. Қазақстан Республикасы медальдерімен және Құрмет грамотасымен марапатталған. 1998 жылы облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне бас редактор болып сайланып, 2011 жылдың қазан айына дейін зейнеткерлікке шыққанша еңбек етті. Елуден астам ғылыми басылымдар мен монографиялардың авторы.

Бөлісу: