Павлодарда 90 млн теңге несиені мақсатсыз жұмсаған компания анықталды

11 Ақпан, 17:51 662

Кәсіпорын ұсынған шот-фактура  салық органының ақпараттық жүйесінде тіркелмеген. Ал  сатып алынған жабдық ретінде тозығы жеткен құралдарды көрсеткен, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап. 

«Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен «Портал-ПВ» ЖШС арасында қарыз туралы шарт жасалып, ол бойынша корпорация субъектіге 90 млн теңге көлемінде заем берген. Қарызды төлеу мерзімі - 2028 жылға дейін.

Алайда жүргізілген аудит барысында серіктестіктің «Портал-ПВ» компаниясына «Ивенс Павлодар» ЖШС-мен 90 млн теңгеге берілген шот-фактуралар салық органының ақпараттық жүйесінде жоқ болып шыққан. Бұған қоса кәсіпорын сатып алдым деп көрсеткен жабдықтары 1980 жылдары шығарылған, ескі құралдар екені анықталды.

«Павлодар» ӘКК» «Портал-ПВ» ЖШС-нен 82,5 млн теңге қарызды, 1,15 млн теңге сыйақыны, сондай-ақ 22,5 млн теңге айыппұлды мерзімінен бұрын өндіріп алу туралы сотқа талап арыз түсірген. 

Талап қоюшы жауапкерге төлем, мерзімділік, қамтамасыз ету, қайтару және мақсатты пайдалану шарттарымен несие берген. Бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қою қанағаттандырылды. Апелляциялық шағымда жауапкер бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұрады. Бірақ жауапкер алынған заемның мақсатты пайдаланылғанын растай алмады. Тексеру барысында сатып алынған құрал-жабдықтың жаңа еместігі, өндірісте бұрыннан қолданылғаны анықталды. Талапкердің дәлелдері аудиторлық есеппен, жоба мониторингінің және заемды мақсатты пайдалануды тексеру актілерімен расталады, - деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметінен. 

Сот алқасы шешімді өзгеріссіз, ал жауапкердің апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды. Қаулы заңды күшіне енді. Жауапкер аталған соманы 3 күннің ішінде қайтаруы керек.

Жансая Әділбек
Бөлісу: