Павлодар соты қыз зорлады деп айыпталған адамды ақтады

10 Шілде, 14:05 606

Павлодарда сүйіктісін зорлады деп айыпталған ер адамды сот ақтап шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Павлодар сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, күдікті алты ай бойы жұп болып жүрген қызбен соңғы кездесуінде дау шығып, оны соққыға жыққан. 

М. аяқ-қолымен Н.-нің басынан, денесінен ұрған, тепкен, содан кейін тұншықтырған. Нәтижесінде зардап шеккен әйел әртүрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Сол жерде Н. құқық қорғау органдарына жүгінді, — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі. 

Қылмыстық іс екі бап бойынша қаралған: денсаулыққа қасақана зиян тигізу және зорлау. Іс материалдары сотқа жіберілген соң процесс жабық режимде өткен. Сот тергеуі барысында зорлау дерегі расталмай, бұл бап бойынша күдікті ақталды. Бірақ ол қызды соққыға жыққаны үшін кінәлі деп танылды. 

Жәбірленуші мен оның қорғаушысы үкіммен келіспей, апелляциялық сотқа шағым түсіріп жатыр.

Біз апелляциялық шағым түсіреміз. Сотталушы жәбірленушінің мұрнын және көмейінің шеміршегін сындырған. Сондықтан әлі күнге дейін оның тыныс алуы және сөйлеуінде қиындықтар бар, – деді адвокат. 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: