Павлодар қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына сот үкімі шықты

11 Қараша 2023, 19:16 912
Павлодар қаласының №2 соты кәсіпкерден ірі көлемде пара алған қала әкімінің бұрынғы орынбасары Арслан Қалиақбаровқа үкім шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.
 
Қылмыстық іс 366-баптың 2-бөлігі (лауазымды тұлғаның ірі көлемде пара алуы) бойынша тергелді. Қалиақбаров Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарғанда "Строй Болашақ" ЖШС директорынан қамқорлығы үшін 1 800 000 теңге мөлшерінде пара алған. Жалпы, кәсіпкер 6 миллион 380 мың теңге беруі керек болған. Шенеунік осы ақша үшін Кенжекөл ауылы көшелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарын кедергісіз қабылдау және олардың ақысын төлеуге уәде еткен.
 
Прокурор бопсалау арқылы пара алу бойынша жаңа айып тағуды сұрады. Бірақ судья бопсалау белгісін таппады. Сол себепті ірі көлемде пара алу айыбын қалдырды. Ал Қалиақбаров өзін ақтауды өтінді және ақшаны қарызға алғанын мәлімдеді. Осы қаржыға БАҚ қызметкерлерінің күніне арнап банкет ұйымдастыруды жоспарлағанын айтты. Артынан барлық ақшаны қайтарып беремін деген.
 
Судья экс-шенеуніктің асырауында төрт бала бар екенін, сондай-ақ қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылғанын ескере отырып, 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Қалиақбаров өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.
 
Әзірге Үкім заңды күшіне енген жоқ. Экс-шенеуніктің адвокаты аппеляцияға беретінін мәлімдеді.
Перизат Саденова
Бөлісу: