Павлодар облысының белсенді қоғамшылдары отбасы құндылықтары мен салт-дәстүрлерді насихаттауға келісті

11 Қыркүйек 2018, 05:06 2380

Павлодар  облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің мәжіліс залында «Мемлекет отбасынан басталады» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға этномәдени бірлестіктердің басшылары, іскер әйелдер қауымдастығы мен Павлодар облысының саясаткер әйелдері клубының мүшелері және жастар қатысты.

Румын-молдован этномәдени бірлестігінің төрағасы А. Дяк атап өткендей, отбасы қоғамда маңызды орын алады. «Біздің ниетіміз - қоғамдық бірлестіктерді бір бағытта біріктіру. Оның негізінде отбасылық  тәрбиенің құндылықтарын насихаттау – басты мақсат. Біз ажырасулар санының азаюына үлес қосып, қиын жағдайға түскен жас отбасыларға кеңес беруді күшейтуіміз керек», - деді ол.

Іс-шара барысында саясаткер-әйелдер клубының төрайымы И. Фогель өз сөзінде павлодарлық жастар көптеген жобаларға белсенді қатысатынын атап өтті. «Менің ойымша, біз іске асыратын жұмыс жүйелі, әрі жемісті. Оның жастар мен қоғам үшін берері көп»,- деді ол.

Іс-шараның нәтижесі өңірлік «Қоғамдық келісім КММ» Медиация орталығы, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі, Павлодар облысының Қазақстандағы іскер әйелдер қауымдастығы және Павлодар облысының саясаткер-әйелдерінің клубы арасында төртжақты Меморандумға қол қоюмен аяқталды.

Меморандум шеңберінде тараптар отбасы құндылықтары мен салт-дәстүрлер, отбасындағы рухани-адамгершілік тәрбие мәселелерін зерттеу, әйелдер арасында құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру бойынша кеңес беру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылармен жұмыстарды ұйымдастыру, табысты отбасының тәжірибесін насихаттау жұмысын жүргізу туралы өзара келісті.

 

Бөлісу: