Павлодар облысында жөндеу жұмыстары Екібастұз ЖЭО-ның екі қазандық агрегатында аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Қазіргі уақытта №7 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізілсе, №9 жылу агрегатына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалған. Сонымен қатар, №11, №14 және № 15 қазандықтарының ескі жабдықтарын бөлшектеу толығымен аяқталып отыр. Ал №12 және №13 қазандықтарында бөлшектеу және ақаудың себебін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі болды.
Жабдықтарды жаңартумен қатар станция нысандары да жөнделіп жатыр. ЕЖЭО бас ғимаратының жылу контурын қалпына келтіру үшін құрылымға техникалық тексеру жүргізілді. Бұзып алып тастауға және ауыстыруға жататын қабырға және төбе плиталарының картасы жасалды. Жұмыстарға өнеркәсіптік альпинистер, мамандандырылған жабдықтар мен техника жұмылдырылған. Жұмыстарды жаздың соңына дейін аяқтау жоспарланған, - деп мәлімдеді Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жылу магистральдарын реконструкциялау жұмыстары кестеге сәйкес уақытылы жүргізіліп жатыр. Бүгінде мұнда 2400 метрден астам құбыр орнатылды.