Павлодар облысында қылмыстық топ феррохром ұрлаумен айналысқан

16 Маусым 2023, 21:10 864

Павлодар облысында жедел уәкілдер феррохром ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесті. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қылмыстық топ Ақсу ферроқорытпалар зауытының аумағынан феррохром өнімдерін тұрақты ұрлаумен айналысып келген. Салдарынан кәсіпорынға 150 млн теңгеден аса залал келтірілген.

Қылмыстық іс бойынша 10-нан астам тінту іс-шарасы жүргізілді, оның барысында тергеу үшін маңызды заттай дәлелдемелер, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатқа сатып алынған мүлік, қымбат көліктер және басқа да материалдық құндылықтар тәркіленді. Полиция осы қылмысты жасады деп күдіктелген 14 адамды ұстады, оларға қатысты түрлі бұлтартпау шаралары таңдалды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Ғабит Қабдрахманов.

Тергеуден қашып, халықаралық іздеуге жарияланған қылмыстық схема ұйымдастырушысы 14 маусымда жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Алматыда ұсталды.

Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Негізгі күдіктілер, ұйымдастырушы және қылмыстық топтың белсенді қатысушылары УҰИ-ға қамалды, – делінген полиция таратқан мәліметте.

Берік Арманов
Бөлісу: