Павлодар облысында алдағы 3 жылда 10 мектеп салынады

5 Қазан 2022, 16:35 1797

«Жас ғалым» жобасының аясында 1000 грант бөлінетін болды

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысы жұртшылығымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды El.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Біз барлық баланың сапалы білім алуына жағдай жасауымыз керек. Осыған байланысты мен Жолдауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды ұсындым. Бұл бастаманың аясында Павлодар облысында алдағы 3 жылда 10 мектеп салынады. Құрылысты сапалы салып, уақтылы тапсыру – басты міндет. Жұмыс барысын жергілікті атқарушы органдар қатаң бақылауда ұстауға тиіс. 

Жастар ертең білімді, алғыр, оқуда озат болсын десек, біз бүгін көптеп сапалы, жайлы мектеп салуымыз керек. Бұл – мемлекет ретінде біздің ортақ міндетіміз. Сондай-ақ, ғылыми қызметкерлердің қоғамдағы абырой-беделін арттыруымыз қажет. Ғалымдарымызға әлемдегі жетекші ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту үшін жыл сайын 500 грант беріле бастады.

Сонымен бірге, «Жас ғалым» жобасының аясында 1000 грант бөлінетін болды. Студенттердің, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы біртіндеп көбейіп келеді. Ғылыми институттар мен іргелі зерттеулерді қаржыландыру жүйесін жетілдіріп жатырмыз. Осыған орай, заңдарға тиісті өзгерістер енгізілді», - деді Мемлекет басшысы. 


Бөлісу: