Павлодар облысына қарасты ауылда жаңа мектеп ашылды

6 Ақпан, 02:35 581

Павлодар облысының Сычевка ауылында жаңа мектеп есігін айқара ашты. Жаңа білім ордасы 1975 жылы салынған спорт залы, мәжіліс залы, асханасы жоқ бір қабатты апатты жағдайдағы ғимараттың орнына тұрғызылып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заманауи үлгідегі 120 орындық мектептің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Асайын Байханов, инвесторлар, ауыл тұрғындары қатысты. Өңір басшысы оқушыларға жақсы білім алып, үлкен жетістіктер мен табыстарға жетуге тілек білдірді.

Мемлекет басшысы «Еліміздің дамуы - жас ұрпаққа байланысты» деп атап өткен болатын. Біз оқу орындарының инфрақұрылымын жаңартуға көп көңіл бөлудеміз. Сычевка ауылындағы мектеп - бұл аймағымыздағы апатты жағдайдағы ескі ғимараттардың орнына салынған үшінші мектеп. Біз осы жылы да басқа елді мекендерде мектептер мен балабақшалар салуды жалғастырамыз. Бұл біздің балаларымыз үшін ауылда жайлы жағдай жасаудың тағы бір қадамы болмақ, - деп атап өтті Асайын Байханов.

Сонымен қатар, облыс әкімі ERG тобының акционерлеріне де алғысын білдірді. Жаңа мектептің құрылысы ERG мен Павлодар облысының әкімдігі арасында жасалған меморандум аясында жүргізілді. Жобаға салынған инвестиция 1,08 млрд теңгені құрады. Ауданы – 1498 м2 құрайтын екі қабатты ғимарат заманауи жабдықтармен, STEM-зертханамен, IT, робототехника және 3D-модельдеу сыныптарымен жабдықталған, led-дисплейі бар мәжіліс залы, спорт залы, асхана және кітапхана бар. Цифрлық микроскоптар мен виртуалды-цифрлық зертхана сатып алынды. Сондай-ақ, мектепте «Еркетай» шағын орталығы мен мектепке дейінгі білім беру орталығы ашылды.

Ауыл тұрғындары мектептің ашылу салтанатында көптеген жылы сөздерін айтты. Айтуларынша, жаңа мектеп - көптен күткен және қуанышты оқиға.

Перизат Саденова
Бөлісу: