«Павлодар» клубы волейболдан алғаш рет ел чемпионы атанды

6 Сәуір 2023, 09:21 1081

Павлодар қаласында волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІ ҚР біріншілігінде ел чемпионы анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Чемпионат қорытындысында белгілі маман Игорь Никольченко жаттықтыратын «Павлодар» волейбол клубы үздік шықты.
Жарыстың негізгі бөлігін үшінші орынмен тәмамдаған павлодарлықтар плей-офф бәсекесінде әуелі Алматының «Буревестник» командасын тізе бүктірді.
Алтын жүлде үшін бәсекеде «Павлодар» мен өткен жылғы ел чемпионы «Атырау» командасы кездесті. И.Никольченко шәкірттері аса тартысты бірінші матчта қарсыласын 3:2 (26-24, 25-23, 28-30, 17-25, 16-14) есебімен ұтты. Екінші ойын да бес партиямен (20-25, 25-20, 19-25, 25-18, 15-11) аяқталып, павлодарлықтардың мерейі үстем болды. Сөйтіп, олар өз тарихында алғаш рет ел чемпионы атағын жеңіп алды.
Күміс жүлдені «Атырау» қанағат тұтса, «Буревестник» үздік үштіктен көрінді. Алматылықтар «Тараз» клубын екі рет 3:0 есебімен жеңді.
Көкшетаудың «Ұшқынын» екі мәрте сүріндірген «Есіл СК» (Петропавл) бесінші орынға тұрақтады.
Осы матчтар сериясы қос ойынмен аяқталса, жетінші және сегізінші орын иелері бейсенбі күні анықталады. Өскеменнің «Алтайы» бірінші бәсекеде «Жайықтан» 3:0 есебімен басым түссе, оралдықтар кеше есе қайырды (3:1). Екі команда арасында бүгін соңғы матч өтіп, чемпионат қорытындыланып, үздіктер марапатталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын әйелдер арасында «Алтай» командасының қатарынан жетінші рет Қазақстан чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

EL.KZ
Бөлісу: