Патшайым Тәжібаева – алғашқы геолог ғалым

14 Қазан 2015, 13:07

Сом тұлғаның бірі – Патшайым Тәжібаева.

Халқымыз «Мен қазақ қыздарына таң қаламын» деп бекер таңқалмаса керек. Қазақ қыз-келіншектерінің арасында аты әлемге мәшһүр болған нәзік жандар баршылық. Сондай мақтанарлық тұлғалардың бірі – Патшайым Тәжібаева. 

Еліміздің экономикасына қан жүгіртіп тұрған күретамырдың бірі – Қазақстанның қазба байлықтары. Жер қойнауындағы қазынаның мемлекет пен халықтың игілігіне қызмет етуі Қаныш Сәтпаев сынды ғұламалардың табиғи таланты мен табанды еңбегінің жемісі мен жеңісі. Ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен сонадайдан көзге шалынар сондай сом тұлғаның бірі – Патшайым Тәжібайқызы Тәжібаева. Ол Қазақстанда ғана емес, Орта Азия әйелдері арасынан оқ бойы оза шығып, геология ғылымының тұңғыш докторы, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болған, АҚШ, Жапония, Канада сынды алыс шетелдер ғылым Ассоцияларының мүшесі дәрежесіне көтерілген, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде баяндамалар жасап, ғылыми еңбектер жазған әлемге әйгілі ғалым еді. Қазақстандағы литология ғылымының негізін қалаған да Патшайым.

«Астана ақшамы» газетінде жарық көрген Патшайым Тәжібаева туралы мақаласында Асхат Райқұл: «Әйелдер арасынан шыққан алғашқы геолог-ғалым Патшайым Тәжібаева 1920 жылы туған. Жетпіс бір жыл жасаған тұлға ғылым мен қоса қоғамдық қызметтерге де белсенді араласты. Геология ғылымының ішіндегі іргелі сала литологияның негізін қалаған қазақ қызы Патшайым екенін біреу білсе, біреу білмес. Осы табысымен­ақ Кеңес одағы халқын таңғалдырған ол Ташкенттегі Орта Азия университетін бітірген. Қазақ ғылымының қаранары Қаныш Сәтбаевтан тәлім алды. Шөгінді жыныстар мен рудалардың ерекшелігін екшеп, зерделеп, ұстаз салған соқпақты даңғылға айналдырып бақты» – деп жазады.

Ғалымдығына қоса Жоғарғы Кеңестің депутаты, Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары болған, мемлекет және қоғам қайраткері биігіне көтерілген көрнекті тұлғаның есімін есте мәңгілік қалдыру бағытында біраз игілікті істер жүзеге асты. Алматы, Шымкент қалаларындағы, Оңтүстіктегі Қазығұрт ауданындағы үлкен көшелер, екі бірдей мектеп Патшайым Тәжібаева есімімен аталады. Осындай игілікті істердің жарқын жалғасындай болып, Патшайымға Оңтүстікте ескерткіш қойылды.

Мемлекет және қоғам қайраткері   Патшайым Тәжібаеваның  90 жылдық мерейтойы қарсаңында «Ғылымда дара, өмірде дана Патшайым» деп аталатын кітаптың тұсаукесері болды.

Аталмыш кітап «Арда» баспасынан 1000 данамен шыққан. Кітапта ғалымның әріптестері мен шәкірттерінің,  достарының Патшайым Тәжібаева туралы жазған пікірлері мен  естеліктері, ғалымға арнаған өлең жырлары, естелік-эсселері топтастырылған. Кітапты құрастырғандар: ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қазақ жазушысы Сәбит Досанов пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің оқытушысы, академик,  профессор Құралай Қошқарова.

«Табиғи таланты мен табанды еңбегі арқасында ғылымда жаңалық ашқан тұңғыш қазақ қызы Патшайымды халқымыздың дара тұлғалары Шара Жиенқұлова, Дина Нұрпейісова, Күләш Байсеитова сынды дана тұлғалар қатарынан көремін. Ол нағыз - «Қазақтың патшайымы, ғылымның ханшайымы, бірінші әйел геологы». Оның еңбектері қашанда өзекті болып табылады», дейді Қазақстан Халықтар достығы университетінің президенті, академик, химия ғылымдарының докторы, профессор Әбдімұса Қуатбеков.


Әзірлеген Айша КЕРЕЙ

 

 

Бөлісу: