Партия өкілдері сайлаушылармен кездесу өткізді

23 Ақпан 2023, 20:19 1603

Партия өкілдері сайлаушылармен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы партиялардың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Respublica партиясы өкілдері сайлауалды турында 3000 шақырымнан астам жол жүріп өтті. Respublica төрағалары мен кандидаттары бүгін Тараз қаласына ат басын тіреді.

Ең алдымен көне шаһардағы кез келген тұрғын қатыса алатын, ой-пікірін, ұсынысын жеткізе алатын кездесу болды. «Баласағұн» сарайына партия мүшелерін тыңдауға 1000-нан астам тараздық азамат келді.

Көпшіліктің алдында партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров, тең төраға Сырымбек Тау, Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Қуаныш Шонбай, Қырмызы Жандосова, Екатерина Смолякова, Әсел Дәкен, Олжас Болатбекұлы және Бақытбек Хамит сөз сөйледі. Олар партия бағдарламасымен таныстырып, «Елде нені өзгерту қажет?» деген сауалды талқылады.

Шараны партия басшысы Айдарбек Қожаназаров ашып, жүргізіп отырды.

«Мойындаймын, біздің саясатта тәжірибеміз жоқ. Бірақ уәде беріп, кейін оны орындамай қалудан да тәжірибеміз жоқ. Сіздерге беретін жалғыз уадеміз мынау: сіз Respublica партиясынан тек шындықты естисіз, кейде бұл шындық ащы болуы мүмкін.

Бізге дауыс беру арқылы сіз болашақ үшін дауыс бересіз. Осы арқылы Қазақстанның талантты және іскер жастарына мүмкіндікке жол ашасыз»,-деді партия төрағасы.

Партияның тең төрағасы, Мәжіліс депутаттығына кандидат Қуаныш Шонбай бсынан өткен қиын оқиғадан кейін партия қатарына өткенін айтты:

«Белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау партияға өтуге ең алғаш ұсыныс жасағанда, мен келісе қоймадым. Мен адамдарға не  бере аламын деп ойладым ба, білмеймін. Кейінірек өмірімде қиын жағдай болды, көлік апатына ұшырап, бір өлімнен аман қалдым. Осы оқиғадан кейін мен ұсынысты қабылдаймын деп шештім. Мен өмір бойы адамдарға көмектесіп, пайдалы болуым керек деп шешім қабылдадым. Бұл маған берілген екінші мүмкіндік деп ойлаймын», -деді Қуаныш Шонбай.

Екатерина Смолякова адамдарға өзгерістерге үміт сыйлайтын жаңа партия құрғаны үшін әріптестеріне алғыс айтты.

ЖСДП-дан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына партия тізімі бойынша кандидат Мақсұт НасибуловАстана қаласының жұмыссыз азаматтарымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында жұмыспен қамту, сонымен бірге азаматтарымыздың несиеге белшеден бату мәселелері көтерілді.

Мақсұт Насибулов өз сөзінде қарапайым азаматтардың қызығушылықтарын қорғау бойынша ЖСДП қызметінің негізгі бағыттарын атап өтті.

«AMANAT» партиясының Республикалық сайлауалды штабының мүшелері өңірлерде сайлаушылармен кездесуді  жалғастырып жатыр. Бүгін партиялықтар Қарағанды облысына келді.
 
Теміртауда экологтармен, қала белсенділерімен және өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдерімен кездесу барысында партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында көрсетілген экологиялық ахуалды жақсарту шаралары талқыланды.
 

«Экология – азаматтардың өмір сүру сапасына әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан біздің сайлауалды бағдарламамыздың бүтіндей бір бөлімі қоршаған ортаны қорғауға арналып отыр. Біз өндіруші және энергетикалық компаниялардың заңнама аясында жұмыс істеуін қадағалаймыз. Заң талаптарын айналып өткісі келетіндерге мүмкіндік берілмейді», - деді «AMANAT» Төрағасы Е.Қошанов.
 
Сондай-ақ, құжатта ластану деңгейі жоғары елді мекендердегі кәсіпорындардан шығатын қалдықтардың нормативін 40%-ға дейін төмендету көзделген. Су балансын сақтау үшін 14 жаңа су қоймасын салу және жұмыс істеп тұрған 16 су қоймасын қайта жаңарту жоспарланып отыр.
Костенко атындағы шахтада партиялықтар көмір өндірушілер мен металлургтер кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен кездесті.


 
Біліктілігі шетелдіктермен бірдей қазақстандық мамандар олармен тең жалақы алатын болады. Партиялықтар зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін жұмысшылардың зейнетке ерте шығу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Еліміздің барлық кәсіпорынында еңбек медицинасы қызметі іске қосылады.

Бұдан соң партиялықтар Қарағанды қаласындағы «Сұрыптау» теміржол станциясының еңбек ұжымымен көлік және логистика саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Жасылдар партиясының ұйымдастыруымен өткен Экохакатонның басты мәселесі қоқыс болды.

Студенттермен кездесу барысында партия мүшесі және экобелсенді Мирас Аббасов саналы тұтынуға көшудің маңыздылығын атап өтті.

«Қазіргі күні әлемді маркетолог мамандар билеп, өз тауарларын ұсынады.Ал біз өз кезегімізде нақтылай заттардың қаншалықты қажеті бар екенін санамыздан өткізуіміз керек.Мысалы, бір джинсы шалбар шығару сегіз мың литр суды қажет етеді және оған басқа да ресурстар қажет. Сондықтан әр затты алмас бұрын ой таразысынан өткізу керек.»

Ой елегінен өткізбей алынған тауарлар да қоқыс санын көбейтеді.Ал Астана қаласында әзірге бір ғана қоқыс өңдейтін зауыт бар. Екіншісі әзірге тек жоспарда.

Қала көшелерін ұшып жүрген пакеттер мен шашылып жатқан пластикалық бөтелкелерден тазарту үшін Экохакатон қатысушылары жабық қоқыс жәшігін орнатуды ұсынды.«Күн сайын Астанада 50 мың полиэтилен өнімі қоқысқа кетеді,»- деп атап өтті М. Аббасов.

Студенттерді мазалайтын экологиялық мәселелер- Есіл өзенінің ластануы мен Талдыкөл мәселесі. Сондай-ақ өздері сияқты жастарды табиғатты аялауға шақыру үшін,  қала тұрғындарының экобелсенділігін арттыру үшін сенбіліктердің форматын өзгертіп, экоквест,марафон сияқты қызықты іс-шараларды өткізуді ұсынды.

"Baitaq" партиясының  жасыл экономика бойынша хатшысы Чингиз Лепсибаев партияның Астана аумағында ғана емес Қазақстан бойынша экологиялық жағдайды жақсартудың жоспарымен бөлісті.

Байтақтар көгаландыру мен ТҚШ салаларында жаңа тәсілдерді қолдайды. Бар болғаны төрт жыл көлемінде партия мүшелері халықаралық стандартқа сәйкес келетін қала көрінісін көгаландыруды жоспарлап отыр.

Экохакатонда айтылған барлық ұсыныстар партияның жұмыс жоспарына енгізілетін болады.

Елімізде 500 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Сонымен қатар жарты миллионға жуық толық емес отбасында бала тәрбиелеп отырған және ерекше қажеттіліктері бар балаларды асырап отырған аналар бар. Ал олардың мәселесі шаш етектен. Бұл туралы Алматыдағы «Бақытты отбасы» көпбалалы аналар орталығында айтылды.

Абзал аналармен Қазақстан Халық партиясы атынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Гаухар Танашева және Нұрсұлтан Шоқанов кездесті.
Кездесу барысында спикерлер партияның «Ел үшін! Жер үшін! Билік – халыққа!» атты сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

 
Басқосу барысында көпбалалы аналар мәселесі талқыланып, Халық партиясы нақты шешімін ұсынды. – Мен көпбалалы анамын.

«Қазақстан аналары бірлестігі» қорының жетекшісімін. 12 жыл бойы аналар мен жетім балаларды қолдап келемін» – деп бастады әңгімесін Г.Танашева.

– «Қазақстан аналары бірлестігі» 5 жыл ішінде келелі мәселелерді көтерді. Әйткенмен, нақты шешімі табылмай отыр. Ал Халық партиясы бізді қолдап, сайлауалды бағдарламасына көбалалы аналар мәселесін қосты.
Кейіннен Халық партиясы бағдарламасында айтылған аналар мәселесін кеңінен талдап берді.


– Біріншіден, атаулы әлеуметтік көмектің орнына жәрдемақы көлемін арттырып, әр балаға 70 000 теңге төлеуді ұсынып отырмыз. Қазір бұл көрсеткіш небәрі 13 826 теңге. Екіншіден, көпбалалы жалдамалы пәтерде жүрген отбасыларға тегін баспана беру тетігін қалыптастыру қажет, – деді. Ал үйсіз-күйсіз жүрген отбасыларды да ұмытуға болмайтынын айтты. Оларға бастапқы жарнасыз жылдық мөлшерлеме 2-5 пайызбен жеңілдетілген ипотека беруді ұсынып отыр Халық партиясы.


«Көпбалалы аналардың зейнет жасына да қатысты дау көп. Тіпті, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналардың зейнеткерлік жасын 55-ке дейін қысқарту, сондай-ақ ерекше қамқорлықты қажет ететін баланы бағып-күтуге жұмсалған жылдарды еңбек өтіліне қосу әділетті қадам болады» – деді Г.Танашева.


 Кездесу барысында Нұрсұлтан Шоқанов «Көпбалалы ана» мәртебесін өмір бойы сақтауды сөз етті.

– Заңнаманың тағы бір осал тұсы – үйдің үлкені кәмелетке толғаннан кейін аналар көпбалалы мәртебесінен айырылады. Сондықтан біз балалардың жасына қарамастан төрт немесе одан да көп перзентті дүниеге әкелген немесе асырап алған аналар үшін өмір бойы «Көпбалалы ана» мәртебесін сақтауды ұсынамыз, – деді. 

«Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды үгіт-насихат аясында кездесулері жалғасуда. Бүгін Азат Перуашев, Қазыбек Иса, партияның облыстық филиалы төрағасы Мейраш Шынасылова және ҚР Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттығына кандидаттар бастаған үгіт-насихат тобы Rollton және BIGBON брендтерімен өнім шығаратын Қонаев қаласындағы «Маревен Фуд» компаниясының еңбек ұжымымен кездесті.

Мұнда жылына 40 мың тоннадан асатын, 65 түрлі өнім шығарылады.Кәсіпорында 850 қызметкер жұмыс істейді, ал, өнім алыс және жақын шетелдердің оннан астам елдеріне экспортталады.

«Ақ жол» демократиялық партиясы – кәсіпкерлер мен отандық тауар өндірушілердің өкілі. Біз бизнестің мүдделерін қорғау және ілгерілету үшін көп жұмыс жасаудамыз. Бұған дейін сіздердің компанияларыңыз «Ақ жол» демпартиясына кірістер органдарының экспортталатын өнімге ҚҚС қайтарудан бас тартуы мәселесімен жүгінген болатын. Біз Бас Прокурор мен Жоғарғы Сотқа дейін жеттік, кәсіпорын талабының дұрыстығы дәлелденді. 

«Ақ жол» демпартиясы алдағы уақытта да компанияның дамуын қадағалап, қажет болған жағдайда мұндай маңызды инвестициялық жобаны жүзеге асыруға көмектесетін болады. Оның үстіне, мәселе азық-түлік тауарлары бағасының инфляциясы соңғы жылдары қатты байқалған тамақ өнеркәсібі туралы болып отыр», - деді Азат Перуашев.

Кездесу барысында «Ақ жол» лидері партияның саяси бағдарламасының басым бағыттарын атап өтті. Ол адал бәсекелестік, әлеуметтік саясат, сыбайлас жемқорлықпен күрес, былтырғы конституциялық реформа және шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару мәселелеріне жан-жақты тоқталды.

Кездесу емін-еркін пікіралмасуға ұласып, компания қызметкерлері несиенің қолжетімділігі, тұрғын үй бағасы, балалар жәрдемақысы туралы сұрақтар қойды. Жәрдемақыларды талқылау барысында жас қызметкердің бірі Азат Перуашевқа он бала туып беру туралы ұсыныс жасап, көпшіліктің жүзіне күлкі ұялатты. 

 

EL.KZ
Бөлісу: